Басты бетЖаңалықтарҚаржы жүйесі...

Қаржы жүйесі құжат алмасуды цифрға көшіруге дайын

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдармасына байланысты еліміздің қазіргі қаржы жүйесі белсенді түрде траснформациялауға көшкен. Қазіргі кезде ҚР Ұлттық банкі мен мемлекеттік қаржы құрылымдары цифрлық жүйеге көшуге арналған бұлтты шешімдерді енгізу амалдарын қарастырып жатыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Болашақтың экономикасы: Қазақстанның қаржы нарығындағы цифрлық трансформация» атты конференцияда «Подпиши. Онлайн» сервисінің бас директоры Олжас Құндақбаев айтты.

Басқосуда микроқаржы ұйымдарын дамыту, оларды цифрлық жүйеге көшіру мен қауіпсіздік мәселесі, сонымен қатар қаржы қызметтерін тұтынушылар мүддесіне бағытталған заманауи шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.

«Құжат алмасуды цифрлық жүйеге көшіру үшін бұлтты шешімдер дайын, енді оларды мемлекеттік деңгейде енгізу әдістерін аяқтау қажет. Оның жолы мемлекеттік қаржы құрылымдарымен және ҚР Ұлттық банкімен бірлесе отырып жасалып жатыр», — деді Олжас Құндақбаев.

Конференцияда қазақстандық және шетелдік спикерлер қаржы жүйесінің қазіргі жағдайы мен цифрландыру үрдісінің келешегі туралы болжамдарын жария етті.

 «Қазіргі таңда Қазақстандағы микроқаржы ұйымдары саласы – ең озық дамып келе жатқан қаржы институты, ел ішіндегі түрлі сауалдар мен ғаламдық үрдіске жылдам жауап беру мүмкіндігіне ие. Әлбетте, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мен оның ілгері жылжытуда тап осы микроқаржы ұйымдары алда келеді», — деді Solva МҚҰ бас директоры Марат Бекжанов.

ID Finance қаржы технологиясы тобының бас директоры және негізін қалаушылардың бірі Борис Батиннің айтуынша, шетелдік үрдіс бойынша несие өнімі көлемінің басым бөлігі оnline түрде іске асырылады.

«Банктер де осы бағытта белсенділік танытып, клиенттерге барынша қолайлы өнім ұсыну үшін технологияларға инвестиция салып отыр. Түбінде мұның бәрі процеске адамның қатысуын, яғни банк бөлімшелеріне клиенттің өзі келуін азайтады. Алайда бұл технологияларды банк ұйымдары емес, ID Finance сынды мекемелер енгізіп отыр», — дейді Борис Батин.

Цифрлық жүйеге көшу салаға инвесторларды тартуға оң ықпалын тигізеді. Mintos  инвестициялық платформасының өкілі Петерис Микельсон (Латвия) елдегі шетелдік капиталға арналған қаржы нарығының тартымдылығы мен сыйымдылығы жайында оң пікір білдірді және Қазақстандағы микроқаржы ұйымдарымен серіктестігі туралы жоспарларын айтты.