Алматының ең қауіпті ауданы қайсы?

Қазақстанның қылмыс көп жасалатын аймақтары анықталды. Көш басында Алматы  тұр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің сайтында жарияланған қылмыс картасы бойынша жыл басынан Алматыда 33,5 мың қылмыстық іс тіркелген.

Қазақстанның ең қауіпті аймақтары қатарына Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Алматы мен Астана жатады. Алматыдағы қылмыс ең көп жасалатын аудан Алмалы болып отыр. Прокурорлардың мәліметінше, бұл ауданда жыл басынан бері 7 604 қылмыс тіркелген. Бұдан кейінгі орындарда 5 565 дәйек тіркелген Әуезов ауданы және 5 245 құқықбұзушылық тіркелген Бостандық ауданы тұр.

Алматы карта
Алматы картасы, ҚР БП ҚСАЕК картасы негізінде жасалған иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Орта есеппен қылмыстық істер бойынша ең қауіпсіз аудан Наурызбай болып шықты. Мұнда жылдың басынан 1 323 құқық бұзушылық жасалған. Алматының жергілікті полиция бөлімінің мәліметінше, қоғамдық тәртіптің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күнделікті екі мыңнан аса полиция мен әскери қызметкерлер жұмыс істейді. 2017 жылдың мәліметі бойынша, ҚР Ішкі істер орган қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін 2018-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бюджеттен 11,417 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде 1,07 миллиард теңгесі Алматыға тиесілі.

Еске салайық, жуырда Денис Теннің өліміне себеп болған қылмыс Алматының Алмалы ауданында жасалған еді.

ДереккөзTengrinews.kz