Өкінішке қарай, еркін күрес балуандарына Азия чемпионатының бас жүлдесі бұйырмады. Екі балуанымыз финалдық бәсекеде белдескенімен қарсыластарына есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтты.
Атап айтсақ, 61 келідегі Талғат Сырбаз алтын медаль үшін болған белдесуде өзбекстандық балуаннан 4:6 есебімен жеңіліп қалса, 97 келідегі Серік Бақытжанов ирандық қарсыласынан 1:6 есебімен ұтылды. Қола медаль Нұрқожа Қайпанов (70 келі), Ерғали Әлішер (92 келі), Омар Эюбов (125 келі) сынды балуандардың еншісінде.
Командалық есепте Иран, Үндістан және Өзбекстан құрамалары үздік үштікті құрады. Жапония — төртінші орында. Қазақстан балуандары бесінші орынға табан тіреді. Осылайша, еліміздің жас балуандары Азия чемпионатында барлығы 3 алтын, 2 күміс, 11 қола медальға ие болды. Оның 2 алтын, 5 қола медалін грек-рим күресінің балуандары қоржынымызға салса, қыздарымыздың еншісінде 1 алтын, 3 қола медаль бар.