Басты бетЖаңалықтарҚазақ ғалымдары...

Қазақ ғалымдары Ресейдегі Жәңгір хан бөгетіне барып қайтты

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жазба деректерге «Хан бөгеті» деген атпен енген құрылыс Палласовка ауданының аумағында 1842 жылдың күзінде салынған. Экспедиция жетекшісі, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ қызметкері Нұржан Төлеповтің айтуынша, Жәңгір хан салдырған бөгет қос мемлекеттің достық қарым-қатынасын одан әрі нығайтады.

«2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойын атап өту кезінде бұл тақырып алғаш рет қозғалды. Біздің топ Палласовка ауданына қарасты Томатное деген елді мекеннің маңынан Жәңгір хан салдырған бөгетті тапты. Жәңгір ханның тұрғызып кеткен бөгеті «Хан бөгеті» деп аталса, содан пайда болған ұзындығы 27 шақырымға созылып жатқан суқойма «Хан суқоймасы» деп аталады. Сол заманнан бері бұл екі жердің пайдасын қазақ елі де, ресейліктер де көріп келеді. Хан бөгетінен бөлек, Жәңгір хан осы жерде жеті үй салдырған. Бүгінде олардың үшеуі дін-аман. Түсіне білген кісіге бұл — ашық аспан астындағы музей экспонаты», — деді Нұржан Төлепов.

Экспедиция кезінде ғалымдар табиғат ескерткіштерін, сонымен бірге зерттелетін аумақтағы материалдық мәдениет нысандарын да анықтады. Табиғи-тарихи нысандарды фото және бейнежазбаға түсіріп, жергілікті халық арасынан «Хан бөгетінің» тарихына қатысты аңыз-әңгімелерді жинақтады.

Экспедиция «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында БҚО өңірлік жобалау кеңсесінің қолдауымен және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың қаржылай демеуімен жүзеге асырылды. Сапар нәтижесін талқылағаннан кейін Ресей ғалымдарымен бірге ұжымдық монография жазылады.

Сонымен қатар «Хан бөгеті – ашық аспан астындағы музей экспонаты» атты ғылыми мақалалар жинағы, «Хан бөгеті» экспедициясының күнделігі» буклеті, «Хан бөгеті» видеоочеркі мен фотоальманах жарық көреді.