Сұрақ: Күліп, көңіл көтеру үшін де жалған сөз айтуға болмайды деп естідім. Сонда әзіл айтып, қалжыңдасқанда да өтірік айтуға болмай ма?
Жауап: Исламда біреуді келе етіп, оның намысына тию, келемеж етіп, кемсіту, өтірік, ғайбат, жалаға құрылған әзіл-сықақ әңгімелерді айту дұрыс емес. Мұхаммед пайғамбар қалжыңдасқанды ұнатқан, бірақ тек шындық пен ақиқатты айтатын болған.
Мысалы, бір адам Пайғамбарымыздан: «Маған мінетін бірнәрсе беріңіз» деп сұрап келгенде, ол: «Жарайды, сені түйенің баласына міңгізейік» деген екен. Әлгі адам: «Кішкене түйеге қалай мінемін» деп аң-таң қалып тұрғанда, ол кісі күлімсіреп: «Түйенің бәрі әуелі түйенің баласы болды емес пе?» — деген екен.
Тағы бірде қария әйел адам келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Аллаға дұға етіңізші, мен жәннатқа кірейін» дегенде, Пайғамбарымыз: «Ана, жәннатқа қартайғандар кірмейді, деген екен. Бұл сөзді естіген кемпір көзіне жас алып жылаған кезде,
Пайғамбарымыз: «Жәннатқа қарт күйде кірмейді, жап-жас болып кіреді, Алла Тағала: «Асылында, оларды [жәннат әйелдерін] (жаңадан) жараттық, оларды пәк бойжеткендер етіп жасадық, жарына ғашық құрбылар (еттік)», – деп кемпірді жұбатыпты. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әзілдері осы секілді шындыққа жақын болған.