Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 5 наурызында Қазақстан халқына «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін жолдаған еді. Алғашқы бастама — әрбір отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру.
Осы мақсатта «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы ұсынылды. Бұл бағдарлама бойынша ипотекалық несиенің жылдық мөлшерлемесі 7%-тен аспайтын, бастапқы жарнасы 20%-ке дейін және несие өтеу мерзімі 25 жылға дейін болады.
Аумақтық мемлекеттік органдардың мәліметінше, қазіргі кезде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Алматыдағы бөлімшелерінде осы бағдарламаға қатысуға өтініш беруге келетін азаматтардың қатары бірнеше есе өскен. Сол себепті ұзын-сонар кезек азаяр емес.
Бағдарлама іске қосылғалы бері банктің Алматыдағы бөлімшелері күніне 1500-ден астам клиентті қабылдайды. Бұл жағынан Алматы еліміздің өзге өңірлерінен алда.
Алматыда осы бағдарлама бойынша кеңес беретін және құжат қабылдайтын 8 мобильді топ құрылған. Байланыс телефондары: 8 701 186 73 34, 8 777 188 20 88. Банк сайты арқылы кеңесшілерге хабарласуға болады. «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша құрылған мобильді топтар да әзірше тек Алматыда жұмыс істейді.
Жаңа тұрғын үй бағдарламасына «ЦентрКредит банкі», «Халық банкі», «Еуразия банкі», «АТФБанк», Bank RBK пен «Цеснабанк» та серіктес екенін айта кетейік.
Бұған қоса, «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша ақпаратты ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитеті ресми сайтынан, «Электронды үкімет» порталынан, ҚР Ұлттық банкі ресми сайтынан және бұқаралық ақпарат құралдарының соңғы материалдарынан табуға болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жеті ипотека 4 шілдеде Алматы, Астана, Ақтау, Орал және Өскемен қалаларында берілгенін хабарлаған едік.