Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға журналистер мен блогерлер де мүдделі

«Жауһар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры» қоғамдық қоры Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен 19-20 шілде күндері Алматыда «Дін мәселелері және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер үшін екі күндік ақпараттық-оқыту семинар-тренингін өткізді.

Семинар барысында БАҚ өкілдері мен блогерлерге діни қатынастар саласында қабылданған заңдар мен тұжырымдамаларды насихаттау және конфессияаралық келісім саласындағы негізгі мәселелер, діни қызмет саласын реттеудің өзекті сұрақтары мен азаматтарға жаңа форматтағы ақпарат алу жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері баяндалды.

Бұл оқыту семинарында діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы тұру мәселелерін шешудегі мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара әрекеттесу жолдарын үйренуді мақсат етіп отырмыз. Тағы бір мақсат — діни тақырыптарды жазуда ескеретін жайттарды түсіндіру. Сонымен бірге біз бұқаралық ақпарат құралдарында конфессияаралық келісім қағидаларының насихатталуына мүдделіміз. Мұндай семинарлар бізге БАҚ арқылы азаматтарға ақпарат берудің әдістерін зерттеуге мүмкіндік береді, — дейді Алматы дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков.