Премьер-министрдің ресми сайтының хабарлауынша, атап айтқанда, Astana Hub АТ-стартаптардың халықаралық технопаркінің инновациялық кластерін құру, отандық кадрларды даярлау, ақпараттық қауіпсіздік, ІТ-стартаптар үшін инновациялық гранттар бөлу, отандық ІТ-қызметтердің экспорттық әлеуетін қолдау және олардың қызметтеріне кедергі келтіретін тосқауылдарды жою мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бизнес-қауымдастық өкілдері отандық цифрлық индустрияны дамыту туралы көзқарастары мен ұсыныстарын айтты. Мәселен, бүгінгі таңда ІТ-мамандарын мемлекеттік сатып алуды жеңілдету, отандық ІТ-компанияларды мемлекеттік қолдау, мемлекеттік-жеке серіктестік тетіктерін жетілдіру, электрондық коммерцияны ынталандыру, ІT-компаниялар арасында бәсекелестікті дамыту, сонымен қатар, цифрлық экономика дағдыларын дамытуға бағытталған білім беру жүйесін жаңғырту мәселелері толғандырады.
Бақытжан Сағынтаевқа 20 отандық ІТ-компанияның мүмкіндіктері туралы презентациялық стенд таныстырылды.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында цифрландыруды дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берген еді.
«Цифрлық индустрияны дамыту барлық салаға серпін береді. Сондықтан Үкімет ақпараттық технология саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты — инновацияларды қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу», — деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.