Әлемде 40,3 миллион адам құлдықта отыр. Бұл туралы Walk Free коммерциялық емес ұйымының есебінде айтылған.
Зерттеуде 167 елдің ресми мәліметі есепке алынған. Ұйымның тізімінде қазіргі заманғы құлдықтың кез келген түрі, соның ішінде мәжбүрлі және балалар еңбегі, секске пайдалану және мәжбүрлі некеге тұру қамтылыпты.
Әйелдер арасында құлдық еңбек, яғни оларды күң етіп жұмсау көп таралған — 71 пайыз. Оның ішінде 24,9 миллион қыз-келіншек өздері қаламайтын жұмысты істеуге және тағы 15,4 миллионы еріксіз некеге тұруға мәжбүр.
Антирейтингте Қазақстан 83-орында тұр. Walk Free ұйымының бағалауы бойынша біздің елімізде 75 мың адам құлдықта — мың тұрғынға 4,21 «құлдан» келеді. Рейтинг бойынша Солтүстік Корея алдыңғы орында, онда халықтың 10 пайызы мемлекет әсерінен қаламаған жұмыс істеуге мәжбүр. Құлдық кең тараған елдердің ондығына Эритрея (мың адамға шаққанда 93 құл), Бурунди (мың адамға шаққанда 40 ), Орталық Африка Республикасы және Ауғанстан (23), Мавритания (21), Оңтүстік Судан, Пәкістан, Камбоджа және Иран (халықтың бір мыңға шаққанда 16-20) кіріп тұр.