Жансейіт, Кәусар, Көркем есімді нәрестелер — жас отбасы Бақытым мен Эльвираның тұңғыш балалары. Қазір сәбилердің денсаулығы жақсы, медициналық көмекке зәру емес.
Үшемнің әкесі Бақытым «Нұркент» қалашығындағы портта қызмет етеді, анасы Эльвира — көрші ауылда информатика пәнінің мұғалімі. Ерлі-зайыпты 2013 жылы шаңырақ құрған .
Панфилов ауданының әкімі Тимур Бектасов үшемді дүниеге әкелген әулетке арнайы барып, қуаныштарына ортақтасып қайтты.
«Қазақтың салтына салып, нәрестелер қол-аяғын бауырына алуын күтіп, біраз аялдадық. Қазір, міне, уақыты келген кезде құтты болсын айтайық деп арнайы келіп тұрмыз», — деді аудан әкімі.
Аяғы ауыр кезде әйелдің үш баланы бірдей көтеріп жүргенін білген дәрігерлер Эльвираны аудан орталығына, одан кейін Алматыда орналасқан «Ана мен бала» орталығына жіберіп, сол жақта босандырған.
«Үш бірдей немерем дүниеге келген соң балалар әзірШе менің қолымда. Осыны ескерген аудан әкімі біздің жағдайымызды түсініп, баспана жағын қарастыратынын айтты. Бірақ уәде берген жоқ. Ауданда үй бере салу оңай емес екенін білеміз. Егер мүмкіндік болып, пәтер беріп жатса, әрине қуаныштымыз», — деді үшемнің атасы Қыстаубай ақсақал.