«Қазгидрометтің» мәліметінше, атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты 19 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады. Кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды, бұршақ жаууы да ықтимал.
Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында 15-20 м/с-қа дейін жел күшейіп, арты шаңды дауылға ұласуы мүмкін.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман түседі, күндіз Қарағанды облысында жел 18 м/с-қа дейін күшейеді. Шығыс Қазақстан облысында 15-20 м/с жел соғып, күндіз бұршақ жаууы мүмкін.
Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстарының кей жерлерінде де желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа жетеді. Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Түркістан, Қостанай, Қарағанды облыстарында аптап ыстық болады.
Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Атырау облыстарының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде дала өрті қаупі күшейеді.