Қазақстандықтар мемлекетке кірісі туралы есеп беретін болады

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Тәкиев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап активтері мен міндеттемелері туралы кімдердің декларация көрсетуі тиіс екенін айтты. Олар:

  • Кәмелет жасына толған Қазақстан Республикасының барлық азаматтары, соның ішінде оралмандар мен бір жерде тұруға рұқсат қағазы бар адамдар.
  • Қандай да бір мүлік пен жер үлесіне ие кәмелетке толмаған тұлғалар.
  • Қазақстан Республикасы аумағында мүлігі бар шетелдіктер.

Аталған талаптар бойынша 2020 жылы декларация көрсететіндер саны – 12 млн 900 мың адам. Олардың 7 млн 400 мыңы қала тұрғындары, қалған 5,5 млн адам ауылдық жерде тұрады.

«Үйіңізде сақтап отырған қолдағы қаражатыңыздың бәрін көрсетесіз. Егер сома 500 АЕК-тен асып кетсе (шамамен 14 млн теңге) банктен шот ашып, сол жерге ақшаңызды салуға тиіссіз. Яғни, банкте осындай көлемде ақшам бар деп көрсетуіңіз қажет. Ал кәмелетке толмағандар үшін олардың ата-аналары, болмаса қамқоршылары ЖСН арқылы декларация көрсете алады. Ал қаржыны қайдан алғаныңызды растау керек емес. Алдағы уақытта өзіміз мониторинг жүргіземіз«, — деді Мәди Тәкиев.

Декларациялау жүйесін жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін тексеру, сондай-ақ көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлық фактілерімен күресу мақсатында жүргізіледі.

«Декларациялау жүйесіне кірместен бұрын жеке тұлғаның 2019 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдайы бойынша несиелік, дебиторлық қарыз, қолма қол ақша, банк шоты секілді барлық мүлкі көрсетілетін «№250 Форма» атты кіру декларациясы ұсынылады. Декларацияны көрсетудің екі мерзімі бар: қағаз арқылы 15 шілдеге дейін; электронды түрде 15 қыркүйекке дейін. Әрі қарай жыл сайын «№260 Форма» қысқаша декларациясын жылжымайтын мүлік, жер, көлігінің қатысынсыз еңбекақы алатын студенттер, зейнеткерлер мен азаматтар ұсынады. Кеңейтілген декларацияда мүлік, жер, инвестициялық алтынды өткізу арқылы тапқан барлық кіріс көрсетіледі», — деді Тәкиев.

ДереккөзBaq.kz