Басты бетЖаңалықтар"Астана" халықаралық...

«Астана» халықаралық қаржы орталығын ЕАЭО елдеріне ортақ ету ұсынылды

Еуразиялық экономикалық комиссияның Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық технологиялар жөніндегі алқа мүшесі Карине Минасян АХҚО-ның реттеуші экономикалық алаңын Еуразиялық экономикалық одақтың барлық бес елін бірден қамтитындай етіп құруды ұсынды.

 «АХҚО-ны өңірлік орталық ретінде тану туралы  келісім жасап, әрбір елде осындай орталық құрайық. өйткені Қазақстан қаржы саласында маманданған. Біздің көзқарасымыз бойынша қазірдің өзінде  электронды ақшаға негізделген криптовалюта мен төлем жүйелерінде бірлесе жұмыс істеу маңызды. Соның нәтижесінде бұл үдерістердің дамуын өз назарымызда ұстап, олардың  нарық үшін пайдалы немесе зиянды екенін қадағалаймыз», — деді ол.

Минасян ЕАЭО елдерінің қаржы жүйесі заманауи кәсіпорындарды қаржыландыра алмайтынын айтты. Әсіресе, жүйе стартаптар мен қаржылық технологияларды қаржыландыруға жарамайды.

«Бұл үшін аяқасты, өздігінен пайда болатын жаңа институттар қажет. Егер талқылауды ұзақ уақыт жалғастыра берсек, біздің компаниямыз басқа юрисдикцияда қаржыландырыла бастайды.  Біз өзіміздің аналогтық экономика жүйесінде қаламыз. Себебі экономиканың жаңа деңгейіне қызмет ететін қаржы жүйесін құрмаймыз. Бұл технология 5 елге тікелей қызмет етуі үшін  оны жылдам және жалпыға бірдей етіп іске асыруымыз керек» , — деді Минасян.

Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесі заманауи қаржылық технологиялар мен платформалардың және қаржы субъектілерінің бірыңғай жүйесі қажет екенін айтты.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы  өңірдегі мемлекеттердің, жалпы әлем елдерінің Қазақстанға тартылуына ықпал етеді. Елімізге қаржы құйылады. Тиісінше, экономикамыз дамып,  мемлекетіміз өркендейді. Бір ғана «Самұрық-Қазынаға»  қарасты ұлттық компаниялардан мысал келтірер болсақ, олардың АХҚО арқылы жекешелендіруге шығарылуы – компанияларды корпоративтік басқару тетігін жақсартып, тиімділігін арттырады. Бұл  Қазақстан экономикасына оң әсерін тигізеді. Ал жекешелендірілетін  «ҚазАтомПром», «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «Қазмұнайгаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта» секілді КОМПАНИЯЛАР — еліміздің ең ірі компаниялары. Үкіметпен келісілген мерзімге сәйкес, осы жылдың аяғына дейін «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «ҚазАтомПром»-ды IPO-ға шығаруға тырысамыз. 2019-2020 жылдары биржаға «Қазмұнайгаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта» компанияларын шығару мәселесін қарастырамыз», — деді «Самұрық-Қазына» АҚ Атқарушы директоры Нұрлан Рахметов.