Екі сағатқа созылған жабық кездесуден соң қос президент баспасөз жиынын өткізді. Бірінші болып сөйлеген Путин Трампқа алғыс білдіріп, «кездесудің сәтті болғанын» айтты. Ол президенттер арасында Сирия мәселесін, ядролық қару, сауда қатынасы мен Украинаның жағдайы сөз болғанын айтты.
Путиннің айтуынша, Ресей мен АҚШ елдерінің өзара қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін «алғашқы қадам жасалды».
Путин кездесудің «өте пайдалы өткенін» әрі «екі ел арасындағы сенімділікті арттырғанын» айтты. Ал Трамптың айтуынша, екі ел «төрт сағат бұрын жаңа кезеңге қадам басты».
АҚШ пен Ресей басшылары Украинаға қатысты нақты қандай шешім қабылданғанын айтпады.
Хельсинкиде саммит күні қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жолдар жабылды. Путин мен Трамп кездесіп жатқанда белсенділер қалада наразылық шарасын өткізді. Олардың ішінде 64 күн аштық жариялап отырған украиналық режиссер Олег Сенцовтың бостандығын талап еткендер де болды.