Қазақ Ұлттық Университеті – мүмкіншіліктер мекені

Еліміздегі атағы дардай қала ішіндегі мекен — ҚазҰУ қалашығы. Табалдырығын аттанғаннан-ақ қалағаныңыздың бәрін таба аласыз. Жыл сайын ҚазҰУ-да студенттердің жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалынып жатыр. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы — соның бір дәлелі. Мұнда студенттер құжаттар бойынша барлық мәселелерін шеше алады. Одан бөлек «Кереметте» кітап және азық-түлік дүкендері, кинотеатр, сән салоны бар.

Қазақ Ұлттық Университетінің ендігі бір ерекшелігі: өзінің технологиялық бизнес-инкубациялау жөніндегі шаралар кешенін ұсынатын технопаркінің болуында. Жастардың әр түрлі саладағы инновациялық жобаларын жүзеге асыруға көмектесетін технопарктің мақсаты – білімгерлердің іс-тәжірибе жөнінде дамып жетілуіне, бизнеспен студент шағынан айналысып, бейімделе беруіне жол ашу.

Технопаркте индустриялық-инновациялық қызметтен бөлек, оқыту семинарлары, тренингтер, курстар мен консультациялар ұйымдастырылады. Атап айтсақ, студенттерге өте төмен бағада ағылшын, түрік, орыс тілдерінің курстары бар. Жаңа мүмкіншіліктерге жол ашатын технопаркте технологиялар трансфертінде жәрдем көрсетіледі. Негізгі қызметі индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру болып табылатын ҚазҰУ технопаркі заңды тұлғаларды құруда айтарлықтай маңызға ие. Егер қарапайым инкубаторлар өз түлектерімен етене байланыс жасамаса, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әрбір студентімен, әр жобаға үлкен акцент қоя отыра жұмыс жасайды. Оларға қажетті жағдай жасап, барынша бизнес-жобалардың іс жүзінде  жүзеге асуына мән береді.

Қалашықтан биік-биік болып бой түзеген ғимараттарды көрсеңіз – жатақханалар деп біліңіз. Бір университетте жалпы саны 18 студенттер үйі бар. Осы жылы ғалымдар үйі бой көтерді. ҚазҰУ аймағында тегін Wi-Fi желісінің барын да айта кету керек. Мұнда білім алатын әрбір студент жеке құпия сөзі мен логині арқылы желіні қалауынша пайдалана алады. Қалашықта 15 факультет, спорт кешені, 300 орындық интернет-кафе бар.

Инновациялар негізіндегі индус­трияландыру біздің қоғамымыздың жаңа, құнды өзегіне айналып келе жатыр. Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Табысты университеттер дегеніміз, бірінші кезекте автономдық мәртебесі, академиялық еркіндігі бар және ғы­лы­ми-зерттеу қызметіне бағдар ұстанған ЖОО-лар» деп бір сөзінде айтып өткен еді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Унисерситеті – бағдары айқын сапалы білім мен ғылым ордасы. Осыны түсіне білген әр білімгерге бұл кеңістікте өте көп мүмкіндіктер бар.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Магауова А.С. — профессор,

педагогика ғылымдарының докторы.

Қыдырханова А.Қ. — журналистика факультетінің

1-курс магистранты