Күлжамал Валиева, ұлты түрік

Күлжамал: 1982 жылы үйлендік. Биыл отау құрғанымызға — 36 жыл. Мен Бақытпен бір жылдай ғана таныс болдым. Оның әпкесі Жұмақанмен үйлеріміз бір көшеде, бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Балалық шағымыз небір қызыққа толы болды. Бақыт бала кезінен айтқанынан қайтпайтын, өз дегеніне жететін қайсар жан болды. Анда-санда әпкесінің үйіне қыдырып, қонақ болып кететін. Қанша жыл бойы сол үйге келіп жүрсе де, мен оны, ол мені мүлдем байқамаппыз. Барлығы бір Алланың қалауымен болатын дүние екен ғой. Неше жыл жолықпай жүріп, бір сәтте кездестік. Барлығы — бұйрық.

Бақыт: Құдай жолықтырайын десе, жаңбырға да, боранға да қарамайды. Әйтеуір бір себеп болып тұрады. Балалықпен әпкемнің үйіне барып жүрген мен бір күні аяқ астынан осы қызды көрдім де, ғашық болып қалдым. Сол кездері кіп-кішкентай баламыз. Бірақ махаббат дегенді жақсы білеміз. Сөйтіп Күлжамалды қалайда аламын деп шешім қабылдадым. Адам ғашық болған кезде ештеңені көрмейді екен. Жүрегінде де, ойында да тек бір жан болады. Ақыры Күлжамалды ештеңеге қарамай алып қаштым. Сол кезде балалықпен істелген бұл ісіме мүлдем өкінген емеспін. Қыз кезінде Күлжамал қандай болды, қазір де ол мен үшін сол Күлжамал. Менің жаныма жақын серігім — осы жан. Бұрындары аталарымыз әжелерімізді мақтап, «Кемпірім болмаса, не істейтін едім?», — деп отырғанда мән бермеуші едім. Қазір өзім де сол күйді басымнан өткеріп жүрмін.

Бақыт Валиев,Күлжамал Валиева
Бақыт Валиев,Күлжамал Валиева. Фото: Айгүл Хожантева/Baribar.kz

Қазақтармен тіл табысу қиын болмады

Күлжамал: Бақыт мені алып қашып кеткеннен кейін мен ештеңе істей алмадым. Қалуыма тура келді. Қазақ халқындағы «Қайтып келген қыз жаман» деген мақал біздің де ұлтқа қатысты. Әрі Бақыттың өзін, әпкесін танығандықтан да қаламын деп шештім. Анамыз кішкентайымыздан ақыл-кеңесін айтып отыратын: «Өзге үйдің табалдырығын аттап қойдың  ба, ол қанша басқа ұлт болса да қайтып келуші болма». Анамның, әжемнің айтқан сөздері ойыма оралып, өз еркіммен қалуды ұйғардым. Осылай болғанына мен еш өкінбеймін. Себебі, қазіргі кезде біз бақытты отбасылардың біріміз.

Алғаш келін болып түскен 1982 жылы барлығы таң қалып қараған. Тіпті баспалардан арнайы тілшілер келіп, сұхбат алып, газетке шығарған болатын.

Ата-анам 1944 жылы Қазақстанға көшіп келген. Кішкентайымнан қазақтармен дос болып, бірге өскенбіз. Алайда қазақ халқына келін боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Ата-анамның айтуынша, алғаш Қазақстанға көшіп келген жылдары қазақтармен тіл табысып кету оларға қиын болмаған. Себебі өзге ұлт өкілісіңдер деп кеудеден итеру қазақ халқына тән емес. Ес білгелі бері олар туралы жағымсыз пікір естімеппін. Көршілеріміздің көбі қазақтар болуына байланысты менің де достарым осы ұлттан болды. Әрине, бұл жағдай үлкен өмірге қадам басқан сәтімде де көмегін тигізді.

Енемнің сүйікті келіні болдым

Күлжамал: Қазақтың салт-дәстүрлеріне бірден үйреніп кеттім. Мен келін болып түскен жылы енем 55 жасқа толды. Ол өте жақсы, мейірімді, ашық-жарқын кісі еді. Білмеген дүниемді ақылға салып, барлығын сабырмен үйрететін. Енем басқаларға әрдайым «Келінім басқа ұлттан. Өте пысық. Барлық істі бірден қағып алады», — деп мақтанып жүретін. Біреулерге жат көрінер, дегенмен өзім енемді қатты сыйлайтынмын, жақсы көретінмін. Құдайға шүкір, енемнің мектебінен өткен мен де дәл сол кісідей болуға тырыстым. Ендігі кезекте менің қандай ене екенімді келіндерім айта жатар (күлді).

Күлжамал Валиева
Күлжамал Валиева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Келініміз де түрік ұлтынан

Бақыт: Екі ұл, бір қызымыз, сонымен қатар немерелеріміз бар. Үйімізде екі ұлттың да салт-дәстүрін ұстанамыз. 2007 жылы кіші ұлымызды үйлендіргенде тойымыз қазақ және түрік тілінде де жүргізілді. Бір қызығы, ұлым да қазақ болғанымен, түріктен қыз алды. Сондықтан да келініміз өз елінен түрік халқының жоралғыларымен ұзатылды. Ал үлкен тойда келініміздің бетін екі рет аштық. Бірінші, қазақтың салт-дәстүріне сүйене отырып домбырамен бетін ашсақ. Ал екінші рет түріктің әнін қосып қайта аштық. Бұл жердегі басты мақсатымыз — екі ұлттың да салт-дәстүрін құрметтеп, екі жақты да ренжіткіміз келмеді. Тойда қазақ асаба жүргізген кезде түрік асаба демалып отырды. Ал түрік асаба сөйлеген кезде, қазақ асаба демалып отырды. Сөйтіп тойымыз ерекше форматта өтті (күлді). Жақында қызымызды ұзаттық. Түрік азаматы қызымызды алып қашып кетті.

Балаларымыздың түр-әлпетіне келетін болса, табиғат екі ұлтты да ренжітпеген ғой (Күлді). Үлкен ұлым өзімнен аумай қалған. Екінші ұлым әжесіне ұқсаса, қызым екі ұлтқа да келеді.

Бақыт Валиев,Күлжамал Валиева
Бақыт Валиев,Күлжамал Валиева. Фото: Айгүл Хожантева/Baribar.kz

Қолым қалт еткенде құрақ құраймын

Күлжамал: Өзім асханада аспаз болып жұмыс істегенмін. Бала кезден неше түрлі тағам дайындауға құмар болып өстім. Онымен қоса, қолым қалт етсе, құрақ құраймын, қазақы нақыштағы жастықтарды тігемін. Қазіргі таңда бұл менің жеке кәсібіме айналды десем болады. Тұрақты клиенттерім де бар. Ең бастысы, халықтың қалтасы көтеретіндей, қолжетімді бағада сатамын. Алғаш құрақ құрайтынымды естігенде жұрт таңданатын. «Қазақтың кейбір келіндерінің өзі құрақ құрай алмайды. Ал сен мұндай дүниені қайдан үйреніп жүрсің?», — деп айтатын. Әрине, мұндай пікірлер маған үлкен күш беретін, әлі де қанаттандырып келеді.

Тағамдарға келетін болсақ, үйде екі ұлттың да тағамдары кезекпен дайындалады. Қазақтың ұлттық тағамдарының бірі бешбармақ болса, түрік халқының ұлттық тағамы – хингал. Келін болып түскен кезде бешбармақты дайындау қиындық туғызбады. Себебі үйде анам мен әжем де дайындайтын.

Күлжамал Валиева
Күлжамал Валиева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Отбасының берекелі болуы сыйластықтан

Бақыт: Жұбайымды сыйлаймын, құрметтеймін. Оның бойынан жақсы қасиеттердің бәрі табылады. Шыны керек, өзім тез ашуланамын, сабырсыздық танытамын. Ал Күлжамал болса, өте сабырлы, шыдамды, барлығын ақылға салып шешеді. Оны қаншама рет ренжіткен кездерім де болды. Бірақ сонда да маған қатты ашуланбай, түсіністікпен қарайды. Күлжамалдың орнында басқа адам болса, шыдамас еді деп ойлаймын. Ол сонымен қатар тағамдарды өте дәмді әзірлейді. Өзім негізі тамақ талғамаймын. Алайда жұбайымның тамақтарын іздеп тұрамын. Үйімізде екі ұлттың да неше түрлі асы дайындалады.

Күлжамал: Бәрі бақытты отбасын құрғысы келеді. Алайда отбасының бақытты, берекелі болуы екі жаққа қатысты екенін көп адамдар ескере бермейді. Отбасы бақыты ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінуінен, қанша қателіктер болса да кешіріммен қарауынан туындайды. Егер екі адам бір-бірін шын мәнінде құрметтесе, сыйласа, шын сүйсе ешнәрсе кедергі болмайды. Ал өзге ұлттың қызын алсаң да, не өзге ұлтқа күйеу бала болсаң да, ең бастысы — сыйластық. Қазіргі жастарымыз отбасы сөзінің мағынасын терең түсінбей жатып, шаңырақ көтеріп, ажырасып жатады. Әйел адам ер адамға қарағанда сәл төмен болуы қажет. Әйелі ер азаматын сыйламаған үйде береке де, ырыс та болмайды. Отау көтереміз деп шешім қабылдадыңыздар ма, ендеше үлкен өмірдің әртүрлі сынақтарына бірге дайын болуларыңыз керек.

Юлия Беделбаева, ұлты орыс

Жолдасымның ағасы менің бастығым болды

Юлия: 2006 жылдың жазы болатын. Сол жылдан бастап мен кедендік рәсімдеу саласында жұмыс істей бастадым. Жұмысымдағы бастығым, яғни күйеуімнің ағасы (ол кезде ағасы екенін білмейтінмін), Қуанышқа бірнәрсе беріп жіберуімді сұрады. Сөйтіп мен келісілген жерге бардым. Қуанышты күтіп тұрғанымда арық, «Битлз» тобындағы жігіттер сияқты шашы ұзын біреу келді. Шынымды айтсам, ол кезде маған ол мүлдем ұнамады. Ал тағдырдың бізге құрған өз жоспары болған екен. Екеумізді сондай бір себеппен табыстырды.

Қуаныш Беделбаев, Юлия Беделбаева. Фото: Жеке мұрағатынан/Baribar.kz

Қуаныш: Біздің отау көтергенімізге биыл 12 жыл толды. Ал үйлену тойымызды 2011 жылы жасадық. 2013 жылы қызымыз өмірге  келсе, өткен жылы ұлымыз дүние есігін ашты. Қазір бір ұл, бір қыздың ата-анасы атанып отырмыз.

Үйлену тойымыздың алдында некемізді мұсылманша қидық. құдай жалғыз және барлық  діннің принциптері ұқсас. Сондықтан дінге келгенде ешқандай түсініспеушілік болмады.

Юлия: Шынымды айтсам, жаз айында жұбайым екеуміз жасырын түрде неке куәлігіне қол қойғанбыз. Себебі, өзіңіз білетіндей қазақта той жасау қымбатқа түседі. Ал той жасамаса, жұрттан ұят болады.

Қазіргі кезде анам Қуанышты менен қатты жақсы көре ме деп ойлап қаламын. Тіпті, қызғанып қалатын кездерім де болады.

Қуаныш Беделбаев, Юлия Беделбаева қыздарымен.
Қуаныш Беделбаев, Юлия Беделбаева қыздарымен. Фото: Жеке мұрағатынан/Baribar.kz

Қазақтың салт-жоралғыларының бәрін білемін

Юлия: Мен барлығын тәжірибе барысында үйрендім. Қазақтың салт-дәстүрлері көп болғанмен де, бәрін ақырындап үйреніп кеттім.  Қазір салт-дәстүрлерді, жоралғыларды өте жақсы білемін деп айта аламын. Себебі, дәстүрлі мейрамдарды үйде, отбасымда қарсы алып тұрамыз.

Қазақ халқында маған ұнайтын мейрамдардың бірі – күн мен түн теңелетін, сонымен қатар табиғат та жаңаратын Наурыз мейрамы. Наурыз – достық пен сүйіспеншіліктің, молшылық пен татулықтың айы. Наурыз мейрамы да, Жаңа жыл да жаңа өмірдің жаршысы болып саналады.

Қуаныш: Орыс халқының салт-дәстүрлері, ырым-тиымдары мүлдем басқа болғанымен мән-мағынасы жағынан қазақ дәстүрлеріне ұқсас.  Орыстардың мейрамдарының арасынан Пасха мейрамын ерекше атап өтер едім. Бұл мейрамда жұмыртқаларды әртүрлі түспен бояп, неше түрлі тәтті торт дайындалады.

Қуаныш Беделбаев, Юлия Беделбаева
Қуаныш Беделбаев, Юлия Беделбаева қыздарымен. Фото: Жеке мұрағатынан/Baribar.kz

«Күнде ет асасыз ба?» деп жиі сұрайды

Юлия: Менің тегімді естіген адамдар «кешіріңіз, сіздің жолдасыңыз қазақ емес пе?», — деп сұрайды. «Иә, ол нағыз қазақ» деп жауап беремін. Осыдан кейін тағы сұрақтың астына алады. «Сіз сонда бешбармақты күнде әзірлейсіз бе?», — дейді. Ет — өте тойымды тамақ. Сондықтан оны күнде жеу мүмкін емес.

Алғаш келін болып түскен жылы қазақша ет аса алмайтынмын. Үйренуге қанша уақыт кеткенін білмеймін. Бірақ әлі де енемнің бешмармағындай шығуы үшін біраз тәжірибе керек. Әр жыл сайын бір нәтиже болып тұрады деп ойлаймын. Барлығы уақыт еншісінде.

Юлия Беделбаева
Юлия Беделбаева Фото: Жеке мұрағатынан/Baribar.kz

Юлия: Әрине, екі ұлттың  менталитеті, салт-дәстүрі мүлдем басқа. Дегенмен бала тәрбиесіне оның кедергісі жоқ. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан дәстүрлердің әралуандығы мен жарасымына көзіміз үйреніп кетті. Мысалы, Айт мерекесінде Айт қабыл болсын деп дастархан дайындап, айттап келушілерді күтсек, Пасха кезінде де тап солай дастархан жайылады. Бұл — көпұлтты мемлекет халқының өзіндік сұлулығы.

Балаларымызды қазақтың  дәстүріне, менталитетіне сай тәрбиелейміз. басты қағида — балаға деген махаббат.

Юлия: Әрбір қыз баланың жаңа үйге келін болып түскендегі уайымы – ата-анасы мен туған-туыстарының көңілінен шығуы. Туыстар — қазақтың басты байлығы, сондықтан отбасылық қарым-қатынастың нышандарын түсіну өте маңызды. Қазақтың шаңырағына келін болатын ойы бар өзге ұлт қыздарына айтарым: ең бірінші «жезде», «ене»,»жеңге» сынды сөздердің мағынасын тереңірек түсініп алғаныңыз жөн. Ерлі-зайыптылардың арасында бірінші кезекте – сенім, махаббат және сыйластық болуы керек.