«Қазпоштаның» жұмысы тек газет-журнал тарату мен хат тасымалдау емес. Сонымен бірге зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы беру, коммуналдық төлемдер түбіртегін жеткізу, депозитке қаражат аудару, салық және басқа да әлеуметтік төлемдерді қабылдау қызметтерімен, экспресс жолданымдармен және курьерлікпен де айналысады. Барлығы 50-ден астам қызмет түрін ұсынады. Тұтынушыларының дені — заңды тұлғалар.
Пошташы Гүлназ Ахметбекованың осы салада қызмет еткеніне 6 жыл болыпты. Үш баланың анасы бізге неліктен бұл жұмысты таңдағанын баяндап берді.
«1977 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келдім. Жоғары білімім бар. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде инженер мамандығында оқығанмын. Оқу бітірген соң «Қазпоштада» оператор болғым келді. Пошта қызметіне осындай мақсатпен келдім. Алғашында №12 бөлімшенің жеткізу қызметінде жұмыс істедім. Қазір «Қазпошта» орталықтандырылған жүйеге көшті. Жұмысым өзіме ұнайды», — дейді ол.
Әрбір істе кәсібилікпен қатар адамның өз ісіне деген сүйіспеншілігі керек. Гүлназ Нұрғалыққызының іс-әрекетінен қызметіне деген ықыласы сезіліп тұрады. Оқыған, көзі ашық адам екенін әңгімесінен аңғаруға болады.
«Бала күнімнен газет-журнал оқып өстім. Ауылда пошташы төрткүл дүниенің жаңалығынан алдымен хабардар болатын. Оған қызығып қарайтын едім.
Мектепте оқып жүргенде әдебиетке, шығармашылыққа жақын болдым. Ақын Танакөз Толқынқызы екеуіміз бір сыныпта оқыдық. Мұқағали Мақатаевтың туған өлкесінде өлең-жырға құмар емес бала болмайды. Менің де өлең жазатыным бар.
Жақындарым, таныстарым «неге пошташы болып жүрсің?» деген сауалды жиі қояды. Бұл риторикалық сұрақ сияқты. Жауабы дайын. Жұмысымды жақсы көрем. Өзіме ұнайды. Мерекелерде, туған күн кештерінде құттықтаулар жазып, әріптестерімді қуантып жүремін», — дейді пошташы әйел.
Пошташылардың жұмысы басқа саланың қызметкерлеріне қарағанда ерте басталады екен. Мұндағы мақсат – үйлерінен шығып кетпей тұрғанда адамдарға тиісті тапсырысын жеткізіп беру.
«Жұмыс уақыты таңғы 7-де басталады. Сағат кешкі 4-5-ке дейін таратамыз. Кейде жұмысымызды ерте бітіріп жатамыз. Ол поштаға келіп түскен хаттар мен тапсырыстардың көлеміне байланысты. «Алматы ақшамы», «Айқын» газеттері шығатын күні жұмыс көп болады.
Арнайы тапсырыспен келген хаттарды иесіне табыстау керек. Ол да көп уақыт алады. Кейде хат иесі үйінде болмайды, қызметкерлерге жеткізу кезінде түскі ас немесе жиналыс уақытына түсіп қалсаң, күтуге тура келеді. Мұндай кезде уақыт жағынан ұтылып қаламыз.
Жұмыс уақытының ерте басталғаны өзімізге де жақсы. Жазда күн ыстық. Таңертеңгі салқынмен біраз шаруаны жылдам бітіріп аламын. Қала тұрғындары жұмысқа кетпей тұрып, тиісті тапсырыстарын жеткізіп беруге тырысамын. Арнайы тапсырысты жеке тұлғалардың үйіне жолдайтындар көп. Кейде оларға хабарлассаң, жұмыста екенін айтып, реніш білдіріп жатады. Сондықтан жұмыстың ерте басталатыны бізге де, тұтынушыларға да ыңғайлы», — деп түсіндірді Гүлназ Нұрғалыққызы хаттарды таратып жүріп.
Алматы – үлкен қала. Ал пошташылар қаланы аптап ыстықта да, қақаған аязда да жаяу аралайды. «Қазпошта» орталығынан өзіне тиісті ауданға жету үшін қоғамдық көлікке мінеді. Жаяу жүру денсаулыққа пайдалы. Дегенмен сегіз сағат бойы жаяу жүру адамды физикалық тұрғыдан шаршатады.
«Пошташыларға қоғамдық көліктерде жүру үшін айлық жол жүру картасы беріледі. Өйткені арнайы көлікпен емес, қоғамдық көлікпен жүреміз. Кей елдерде велосипед беріледі екен. Бірақ біз көбіне тұрғын үйлердің ішіне, мекемелерге кіреміз. Мұндайда велосипед ыңғайсыздық туғызады. Елімізде велотұрақтар көп емес, қауіпсіздік жағы да ескерілмеген. Сондықтан, меніңше, жаяу жүрген тиімді. Денсаулыққа да пайдасы көп.
Негізі пошташыға 5 келіден артық көтеруге болмайды. Сондықтан «Қазпоштаның» арнайы көліктері таратуға тиіс тапсырыстар жүктемесі тым ауыр болса, қызмет көрсететін аймақтағы орталық пошта жәшігіне жеткізіп береді».
Қоғамда пошташы болуды төмен деңгейдегі қызмет санайтындар көп. Гүлназ Нұрғалыққызының бір күндік қызметінен хабардар болған біз пошташы болу үшін шыдамдылық пен зеректік, тиянақтылық қажет екенін түсіндік.
«Түстенуге бір сағат уақыт беріледі. Бірақ тапсырыс көп болған кезде түскі ас ішпей жүре беремін. Түскі ас кезінде газет-журналдарды таратып тастауға тырысамын. Себебі осы кезде адамдардың ақпарат қабылдауға, газет-журнал оқуға бос уақыты болады.
Қазір екі күннің бірінде жаңа тұрғын үй қолданысқа беріліп жатыр. Жаңа тұрғын үй, жаңа мекенжай, жаңа көше пайда болады. Алматыда Абай, Сейфуллин деген көше, даңғыл, аудан, елді мекен бір емес, бірнешеу. Қарапайым адамдар өздері тұратын немесе хат жолдайтын жердің индексін де, мекенжайын да анық білмейді. Біздің қызметкерлер оларға барынша көмектесуге тырысады. Алайда Алматы сияқты мегаполисте жаңылысу қаупі жоғары. Сондықтан пошташы болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жақсы пошташы болу үшін көп жыл еңбек етіп, көп нәрсе үйрену керек», — дейді пошташы.
Пошташылардың қызметі туралы мәселе қозғалғанда Гүлназ Нұрғалыққызы күнделікті жұмысында кездесетін қиындықтар туралы айтып берді.
«Қазір қауіпсіздік үшін тұрғын үй кешенінің есіктеріне домофон орнатылған. Пошташыларға әмбебап домофон кілттері беріледі. Бірақ олар көп есікті ашуға қабілетсіз. Тұрғындар алғашында сенімсіздікпен қарайтын. Уақыт өте келе өзім қызмет көрсететін адамдар мен мекемелерді жақсы танып алдым. Осы мәселе туралы айтқанымда домофон кілтінің көшірмесін жасатып берген тұрғындар да болды. Осындайда еңбегіңнің бағаланғанына қуанып қаласың.
Көпқабатты үйлерге кіруден бөлек, лифт мәселесі тағы бар. Кей үйлерде лифт болмайды. Бар болса да, тұрғындардың жеке қолданысына арналған. Сондықтан арнайы тапсырысты жеткізу үшін ауыр сөмкеңді арқалап жаяу көтеріліп, жаяу түсуге тура келеді.
Тұрғын үйлердің көпшілігінде пошта жәшігі дейтін атымен жоқ. Төлем түбіртегін таратқанда қайда қалдырарымды білмей дал боламын», — дейді Гүлназ Нұрғалыққызы.
2013 жылы ҚР «Тұрғын үй-коммуналдық сала мәселелері жөніндегі заң актілеріне өзгеріс енгізу туралы» заң қабылданған болатын. Заңда абоненттік пошта жәшіктері пәтер иелеріне тиісті деп көрсетілген. Кез келген ғимарат пайдалануға берілмес бұрын арнайы мамандардың тексерісінен өтуі керек. Аталған комиссияның құрамында «Қазпоштаның» қызметкерлері де бар. «Қазпоштаның» баспасөз тарату бөлімінің бастығы Әсия Төкешқызының айтуынша, тексеріс кезінде пошта жәшіктерін қабылдап алғанымен құрылыс ұйымдары мен тұрғындар оның сапасына, қауіпсіздігіне мән бере бермейді екен.
«Аз уақыттың ішінде пошта жәшігі пайдалануға жарамсыз болып қалады. Ескі тұрғын үйлерде пошта жәшігі мүлдем жоқ. Тұрғындар «газетке жазылып едік, әкеп бермеді, төлем қағаздарын алмағандықтан уақытында төлемедік» деп, пошташыларды кінәлайды. Арнайы тапсырыс бойынша жіберілген сәлемдеме болмаса, пошташы әр үйдің есігін қағып жүруге міндетті емес. Өкініштісі, мұны көп адам түсіне бермейді», — дейді баспасөз тарату бөлімінің бастығы Әсия Төкешқызы.
Жаңа заманға сай пошта қызметіне де жаңа функциялар енгізіліп жатыр. Соның бірі – смартфон арқылы есеп беру. Бірақ пошташы болып қызмет ететіндердің дені орта жастан асқан адамдар, сондықтан жаңа жүйеге үйрену қиындық туғызып жатқан көрінеді.
«Жаңа технологияға көшу мақсатында пошташылардың қолына бір-бірден смартфон берілді. Бұрын жеткізу қызметіндегі пошташылар жұмысын аяқтаған соң бөлімшеге келіп тапсырыстың жеткізілгені туралы ақпаратты арнайы жүйеге енгізіп, есеп беретін. Қазір тапсырысты иесіне табыстаған бойда смартфонға тіркейміз. Алайда пошташылардың барлығы бірдей жаңа жүйеге жылдам үйреніп жатқан жоқ», — дейді Гүлназ Ахметбекова.
Пошташымен болған бір күннің ішінде оның қызметінің қаншалықты ауыр екенін түсіндік. Сөз арасында Гүлназ Нұрғалыққызы айлығының 60 мың теңге екенін айтып қалды. Жылына екі рет аяқкиім алуға 10 мың теңге беріледі екен.
«Қызметіміз қиын болғанымен айлығымыз аз. 9 сағат бойы сыртта жүретіндіктен шөлдейміз, қарнымыз ашады. Тапқан табысымыз күнделікті сусын мен түскі астан артылмайды. Қыстың суығында жылыну үшін ыстық шай, кофе алуға тура келеді. Жазда салқын сусын ішкің келеді. Көбіне бала-шағаның қамы үшін деп ыстыққа да, суыққа да, аштыққа да төзіп жүре береміз.
Үш қызым бар. Олар кішкентай болғанда жұмысыма үлгеру қиын еді. Қазір олар да бойжетті. Үлкен қызым биыл жоғары оқу орнын бітірді. Магистратураға түсуге дайындалып жүр. Екінші қызым спорт мектебінде оқиды. Үшіншісі — мектеп оқушысы», — дейді кейіпкеріміз.
2015 жылы Оксфорд университетінің баспасынан шыққан Ричард пен Дэниель Сасскиндтердің «Мамандықтар болашағы» (The Future of the Professions) кітабында болашақта пошташы мамандығының жойылып кететіні туралы айтылған. Алайда қазіргі таңда Қазақстанда пошташылар атқаратын функцияны алмастыратын технология қалыптаса қойған жоқ. «Қазпоштаның» қарапайым жұмысшыларының қызметіне әлі де сұраныс бар.
Пошташыға арналған әлемдегі жалғыз ескерткіш Украинада. Ол Закарпат облысындағы аудан орталығы Перечинде Федор Фекеттің құрметіне қойылған. 30 жылдық тәжірибесі бар ауыл пошташысы қызмет барысында мұздың астына түсіп қайтыс болған.
Қазіргі таңда поштада ешқандай әділдік жоқ.. Бәрі өзінің білгендерін істеп, кімнің танысы бар, сол адамға айлығын қосып беріп, шындықты айтсаң сені жұмысыңнан шеттетіп білгендерін істеп отыр..