Басты бетЖаңалықтарҚазақстан мен...

Қазақстан мен Ресей достық декларацияға қол қойғандарына 20 жыл болды

Қазақстан мен Ресей арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық және одақтастық туралы декларацияға қол қойылуының 20 жылдығына орай екі елдің сыртқы істер министрлері құттықтау жолдауларымен алмасып, екі халықтың достығын нығайту мүддесімен көпқырлы ынтымақтастықтың дамуын жалғастыруға сенім білдірді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бұл маңызды құжатқа қол қою Қазақстан мен Ресей қатынастарының одақтастық сипатын алғашқы рет белгілеп, біздің елдер арасындағы ынтымақтастықтың үлгілі моделінің нығаюына және жан-жақты өзара ықпалдастығына жағдай жасағандығын айтты.

«Өткен кезеңде Декларация біздің елдердің стратегиялық әріптестігі тетігінің берік негізі болды және бүгін Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастар сеніммен және ширақ дамуда, ал өзара ықпалдастық барлық бағыттарда тереңдеуде», — деп айрықша атап көрсетті Қ.Әбдірахманов.

Өз кезегінде, Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Декларацияның негіз болатын идеяларын іске асыру қазақстандық-ресейлік қатынастардың үдемелі дамуын, олардың одақтастық пен стратегиялық әріптестіктің жаңа сапалы деңгейіне шығуын қамтамасыз еткенін атап өтті.

Ресей СІМ-інің басшысы өзінің құттықтау жолдауында: «Қазіргі күрделі халықаралық жағдайда мұндай амал бізге теңгерімделген, барынша көп дәрежеде бір-біріміздің мүдделерімізді ескеретін шешімдер табуға мүмкіндік береді», — деп жазды.

1998 жылғы 6 шілдеде екі мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев және Борис Ельцин Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достық дәнекерін «ұлттық қауіпсіздіктің, саяси тұрақтылықтың, ұлтаралық келісім мен екі елдің өркендеуінің кепілдігі» ретінде сақтайтынын салтанатты түрде мәлімдеді.

2018 жылғы 6 шілдеде белгілі ресейлік басылым «Российская газетасында» Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың Декларацияға қол қойлғандығының 20 жылдығына арналған мақаласы шықты. Атап айтқанда, Министр жаңа мыңжылдықта екі елдің көпқырлы және табысты қатынастарының дамуының сапалы жаңа ұстанымдары мен параметрлерін қалыптастырған Декларацияның құндылығы туралы айтып өтті.

Бұдан өзге, Қ.Әбдірахманов шын мәнінде ТМД кеңістігіндегі стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастардың үлгілі моделі деп атауға болатын Қазақстан мен Ресейдің бүгінгі достық қатынастары туралы пікірімен бөлісті.