Күн энергиясын тиімді пайдалану туралы ғылыми жоба байқауда үздік шықты

Елімізде алғаш рет Bilim Media Group компаниясының бастамасымен ұстаздар мен оқушылар арасында "Жобалық жұмыс" байқауы өткізілді. Байқауға жалпы саны 132 жұмыс қабылданып, үздік деп танылған жобаның авторлары 200 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Байқауға қазақ тілінде 61, орыс тілінде 70, ағылшын тілінде бір жобалық жұмыс келіп түскен. Барлық жобалық жұмыс тәуелсіз комиссия мүшелерінің жіті тексеруінен өтті. Бір айға созылған бағалау жұмысының нәтижесінде комиссия мүшелері жеңімпазды анықтады. Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Әмір Ахметовтің «Күн энергиясын тиімді пайдалану» тақырыбындағы ғылыми жобасы үздік деп танылды.

«Табиғи энергия көздерін пайдалану жайлы алғаш 7-сыныпта оқып жүргенімде ойлана бастадым. Бірде отбасымызбен бірге ойын-сауық орталығына бардық. Ол күндізгі уақыт еді. Орталық ішінде жарқыраған шамдарды байқадым. Энергияның осылайша күні-түні шектен тыс қолданылуы мені толғандырды. Сол уақыттан бастап «Күн энергиясын тиімді пайдалану» туралы идеямды жетекшіме ұсынып, осы тақырыппен жұмыс істей бастадық. Өткен жылы «Жобалық жұмыс» байқауы жайлы естідік. Байқау жобамды тереңірек зерттеуге ынталандырды. Ал жоба жеңімпазы атанғанымызды естігенде екі жылдық еңбегіміздің текке кетпегеніне көзім жетті», — деді Әмір Ахметов.

Әмірдің ғылыми жұмысы 34 жыл ұстаздық еңбек еткен физика пәнінің мұғалімі Қарақат Қанаеваның жетекшілігімен дайындалған. Оның айтуынша, мұндай байқау оқушының сыныпта алған білімін тәжірибе жүзінде қолданып, болашақта мамандықты дұрыс таңдауына көмектеседі.

«40 минут ішінде жаңа тақырыпты түсіндіріп, оны кәсіби қолданыста сынап көру мүмкін емес. Тек осындай байқаулар арқылы пісіріп, жетілдіруге болады. «Жобалық жұмыс» байқауына бұрыннан зерттеп жүрген жобамызды ұсындық. Қазір бұрынғыдай бір ақпарат үшін кітапханада ұзақ уақыт отырмайсың. Цифрлық білім беру ресурстары оқушыға да, жетекшіге де уақытты үнемдей отырып, өнімді еңбек етуге көмектеседі. Жобамызға қажет қосымша материалдарды Bilimland.kz, Twig-bilim.kz білім ресурстарынан алдық. Жеңімпаз атану біз үшін күтпеген жағдай болды. Бастысы, оқушының өзіне деген сенімі бекіп, ғылыммен айналысуына ынтасы артты. Әмір қазір күн энергиясы жайлы ғана емес, өзге де баламалы энергия көздері жайлы зерттеуге кірісіп кетті», — деп ризашылығын білдірді Қарақат Қанаева.

"Жобалық жұмыс" байқауының афишасы
«Жобалық жұмыс» байқауының афишасы. Сурет: Bilimland .kz

Bilim Media Group компаниясы өкілдерінің айтуынша, байқауды ұйымдастыруда оқушының бойында ғылыми-зерттеу дағдыларын мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру, сондай-ақ мұғалімдерді де ынталандыру мақсаты көзделген.

«Келіп түскен жұмыстардың көптігі байқаудың қызық болғанын және мақсатына жеткенін көрсетеді. Байқау кезінде қатысушылардың сан түрлі видеожобаны жасауға және ғылымда жеткен жетістіктерді бөлісуге деген зор ынтасын байқадық. Осыдан кейін Қазақстан мектептерінде жобалық жұмыс жасауға деген қызығушылық артады деген үміттеміз», — дейді байқау жұмысының үйлестірушісі Марлен Мауленқұлов.

Ұйымдастырушылар ғылыми жаңалығы бар, өзекті мәселелерді қамтыған, АКТ-ның барлық мүмкіндігін пайдалана отырып ерекше талғаммен безендірілген жұмысты анықтауды көздеген. Ал жобаға қатысушылар осы талаптардан шығатын еңбектерін ұзақтығы 15 минуттан аспайтын бейнематериалда қорғап шығуы тиіс еді. Кейбір жұмыстар қызықты болғанымен байқау талаптарына сай келмегендіктен іріктеуден өтпеді.

Дегенмен байқау жеңімпаздарынан бөлек 10 жұмыс үздік деп танылып, жобалық жұмыстың үйлестірушілеріне алғысхаттар, оқушыларға bilimland.kz порталына жартыжылдық жазылым және байқауға қатысқаны туралы сертификат берілді.

Байқау жалғасын таппақ

Ғылыми жобалық жұмыстар оқушы білімін тәжірибеде қолданып, ғылымға бет бұруына мектеп қабырғасынан дайындайды. Бүгінде осындай жобалық жұмыстарды жүргізуге цифрлық ресурстар көмекке келеді. Мәселен, bilimland.kz білім беру порталында мектеп бағдарламасы бойынша интерактивті сабақтар мен қосымша материалдар жеткілікті. Алған білімді тәжірибеде қолдану әрі ғылымға қызығушылықты арттыруда «Жобалық жұмыс» тәрізді байқаулар нағыз сынақ алаңы болары сөзсіз. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл алғаш рет өткізілген онлайн-байқау болашақта да жалғасын таппақ.

«Байқауды жыл сайын өткізбекпіз. Биылғы байқаудан алған тәжірибемізге сүйене отырып, «Жобалық жұмыстың» өткізілетін уақытын өзгертуге қатысты да идеялар бар. Сондай-ақ байқауды өткізудің тәртібі мен ережелері де өзгереді. Қазіргі таңда жаратылыстану-математикалық бағыты мен гуманитарлық бағыттағы зерттеу жұмыстарын бөлу мәселесі талқыланып жатыр. Себебі бұл категорияларды бағалау критерийлерінде айырмашылықтар бар. Алдағы уақытта байқаудың жаңартылған ережесі жайлы сайтымыздың «Блог» бөлімінде міндетті  түрде жариялаймыз», — дейді Марлен Мауленқұлов.

Тамыз айының басында bilimland.kz сайтының «Мұғалім парақшасы» бөлімінде жобалық жұмыстың форматы мен идеяларына үлгі болатын қызықты жұмыстар жарияланады. Бұл жас зерттеушілер мен олардың жетекшілеріне өз жобалық жұмысын талапқа сай жасауына көмек береді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!