Қазақстандықтар қаңтардан бастап қосымша еңбекақы алады

Биыл 5 наурызда Мемлекет басшысы бес әлеуметтік бастама жариялаған болатын. Аталған шаралар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Ұлттық экономика министрлігіне екінші бағыт бекітілген. Ол — «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту».

Әлеуметтік бастамаға сәйкес жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіш немесе 60 125 теңгеден төмен жұмысшылар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесін 10 есе төмендету ұсынылады. Жалпы республикада мұндай еңбекақыны 2 миллионнан аса адам алады. Негізінен, бұл ауыл шаруашылығы мен саудада.

Аталған бастаманы іске асыру мақсатында мемлекеттік органдармен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыс жүргізілді. Жұмыс нәтижесі бойынша жалақысы төмен жұмысшылардың жеке табыс салығын төмендетудің жолдары анықталды.

Шаралардың нәтижесінде салық салынатын табыс 90 пайызға азайтылатын болады. Қалған еңбекақыға 10 пайыз мөлшерлемемен жеке табыс салығы салынатын болады. Яғни, салық жүктемесі 10 есеге төмендейді.

Қосымша еңбекақы
©Baq.kz

Жаңа бастама бойынша жұмыс берушінің әкімшілік шығындары минимизацияланды. Жалпы республика бойынша жұмысшылар 29 млрд. теңге шамасында қосымша еңбекақы алатын болады.

Салық заңнамасына тиісті түзетулер 2018 жылғы 2 шілдеде Мемлекеттік басшысымен қол қойылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына көзделген.

Аталған тетік 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс жасайтын болады.