«Forward Foods» — Алматы қаласындағы дайын тағамдар жеткізу желісі. Негізгі өнімдері: контейнердегі дайын тағамдар, фастфуд, кондитерлік өнімдер. Желінің тұтынушылары – банк, кәсіпорын қызметкерлері, құрылыс компаниялары және дүкендер мен кофеханалар.
Алғашқыда гүл сатумен айналыстық
Әділет: Студент кезімізде түрлі ұйымдарда белсенділік танытып, өзімізді дамытуда жетістікке жеткен адамдармен әңгімелесіп, әртүрлі тақырыптарды талдап, ой алмасып жүретінбіз. Студенттің әрбір күні күнделікті сабақтан бөлек өзін дамытумен, тәжірибе жинаумен өткені дұрыс. Біз де сондай белсенді жылдарды артқа тастадық. Яғни, нақты бір кәсіппен айналысу бұрыннан ойымызда болған. Алайда жүзеге аспай, тек идея күйінде қалып қоятын. Өз салаңда тұрақты жұмыс істеп ай сайын нақты көлемде айлық алып отыруға ешқандай кедергі жоқ. Алайда бір кездері пайда болған идеялар адамға маза бермейтіні бар. Ерте ме, кеш пе, біз кәсіппен айналысатынымызды біліп, неге қазір бастамасқа дедік те, тәуекел еттік.
Дегенмен, осы кәсіпті ашпас бұрын гүл сатумен айналысқанымыз бар. Бірақ біздікі тек гүлдердің сатылымы көп болатын кезеңдерге жоспарланған сауда еді. Оның үстіне гүлдің күтімімен айналысу қиынға соқты. Алайда алғашқыда гүл сатқанымыз біз үшін кәсіп бастауда үлкен тәжірибе болды.
Мәди: Әділет екеуміз Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде қаржы мамандығында бірге оқыдық. Оқуды бітірген соң өз саламызда жұмыс істедік. Қаржыгер – офисте, компьютердің алдында отырып жұмыс істейтін маман болғандықтан, түскі үзілісте сыртқа шығып, асханаға барып тамақтануға үнемі мүмкіндігі бола бермейді. Сондай сәттерде біз де арнайы тағам жеткізу желілеріне жүгіндік. Мұндай желілер офис жұмыскерлерінің уақытын үнемдейді. Өзіміз тапсырыс берген желілердің тағамдарын тұтына отырып, осы бір кәсіпті қолға алып дамыту керек екен деген ойда болдық. Оның үстіне бұл кәсіппен көбіне орта жастағы адамдар айналысатынын көрдік те, кәсіптің осы түріне жаңаша өзгеріс енгізуді мақсат еттік. Бірақ кәсіпті бірден бастап кетпедік.
Қазақстанда дайын тағамдарды жеткізу ісі енді ғана дамуда
Әділет: Әлемде тағамды жеткізу желілері қарқынды жұмыс істейді. Себебі шет елдерде Корпоративті тамақтандыру жолға қойылған. Корпоративті тамақтандыру – компания қызметкерлеріне деген қамқорлық. Ол – жұмыс күнінің ойдағыдай өтуіне, жұмысшылардың жұмысқа деген ынтасын өсіруге жағдай жасау. Көпшілік арасында «Мен Google компаниясына оның беретін түскі асы үшін жұмысқа тұрар едім» деген қалжың бар. Бұл корпоративті тамақтандыруды қолға алған компанияның адамдар арасындағы өзіндік беделіннің биік тұратынын білдірсе керек.
Ал Қазақстанда дайын тағамдарды жеткізу ісі енді ғана танылып, қарқынды даму үстінде. Халықтың көп бөлігі фастфуд өнімдеріне тапсырыс беруді біледі, ал күнделікті тағамдарды тапсырыспен алуға болатынынан хабарсыз. Алайда спортпен айналысатын адамдар, офис қызметкерлері күнделікті тұтынатын тағамдарды арнайы тапсырыспен алу мүмкіндігін пайдалана біледі. Алматы қаласы үлкен мегаполис болғандықтан, мұнда бір жерде қозғалмай отырып жұмыс істейтін қызметкерлер де көп. Олардың офистен шықпай тамақтануы басты қажеттілік болып тұрған кезде дайын тағамдарды жеткізу желілеріне сұраныс бар деген сөз. Сондай-ақ тағам жеткізу желілерінің жұмысына қажеттілік жыл сайын өсіп келеді.
Дегенмен, жоғарыда айтып кеткен шетелдік ірі корпорацияларда жолға қойылған корпоративті тамақтандыру бізде әзірге жоқ. Осы тұрғыда ірі кәсіпорындармен жұмыс істеу барысында біз аталған мәселеге тоқталып өткенді жөн көреміз, ойымызды айтамыз. Одан кейінгі нәтиже жұмыс берушілердің өз құзіретінде.
Мәди: Кәсіп ашпас бұрын ең алдымен нарықты зерттей бастадық. Бұл тұста әлемдік тәжірибеден үйренеріміз көп болды. Әр елден бізге керек деп есептеген дүниелерін алуға тырыстық.
Бұдан бөлек, көктемде Ташкент қаласына барып, жергілікті әр түрлі тағамдардың дәмін татып, дайындау жолдарын зерттеп көрдік. Яғни шетелдік тағамдардың ерекшелігін іздеп, керек деген дүниенің форматын өзімізге ыңғайлап алып отыру да біздегі тамақтандыру саласын дамытуға тигізер үлесіміз болады.
Алғашқы шығынымыз 600 мың теңге болды
Әділет: Өзіміз тамақтандыру саласынан хабарымыз болмағандықтан, осы салада 25 жылдық өтілімі бар кеңесшімен бірлесе отырып елімізге танымал тамақтандыру желілерінде көп сұранысқа ие тағамдардың тізімін жасап, арнайы меню құрастырдық. Содан соң бізге ең қажетті қызметкер – аспазды іздестіре бастадық.
Алғашқы шығынымыз шамамен 600 мың теңге көлемінде болды. Бұл соманың тең жартысы арнайы жалға алынған орынның төлемақысына жұмсалды. Себебі орталықтан жалға алатын жерді табу қиынға соқты. Салдарынан төлемақысы қымбат жерге тап болып, кейін ол жерді ауыстыруға тура келді.
Мәди: Шағын және орта кәсіппен айналысатын кез келген кәсіпкер қаржысының көп бөлігін арнайы жалға алынған орынның төлемақысына жұмсайды. Бұл кәсіппен айналысуда қиындық тудыратын басты фактор болып отыр. Кейіннен жақындарымыздың көмектесуімен құрылыс бастап, ғимарат салып, өзіміздің цехымызды аштық.
Біздің жұмысымыз кешкі 20:00-де басталады. Таңертең тағамдар тұтынушылардың алдына балғын күйінде жеткізілуі үшін аспаздарымыздан бастап, барлығымыз түні бойы жұмыс істейміз. Цех асханасында тағамдар дайындалып, контейнерлерге салынып, таңғы сағат 7:00-ден бастап күніне шамамен 200-250 тағам қаланың түкпір-түкпіріне жеткізіледі. Ендігі мақсат – осы көрсеткішті екі есе көбейту.
Кәсіпкер үшін әр тұтынушы қымбат
Мәди: Көбіне түскі үзіліс уақытына негізделген тағамдарға тапсырыс түседі. Үлкен компаниялармен байланыс кіші маркеттер арқылы жүзеге асады. Контейнердегі дайын тағамдарды компаниялардың, арнайы жұмыс орындарының жанында орналасқан кіші маркеттерге ұсынамыз. Өз кезегінде кәсіпорындар мен компаниялар қызметкерлері біздің тағамдарға қызығушылық танытатын болса, арадағы делдал – кіші маркеттер арқылы тапсырыстар қабылданады. Бірінші реттік тағам әрдайым тегін беріледі. Тұрақты тұтынушы компанияларға арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. Тіпті қазір көтерме бағада жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, алғашқы 5 мың теңге көлеміндегі тағамдарға жеткізілуіне төленетін төлемақысы қосылмайды.
Әділет: Кәсіпкердің халық алдындағы жауапкершілігі басым. Себебі біздің басты тұтынушыларымыз – қарапайым халық. Оның үстіне күнделікті тұтынатын тағам – аса жауапкершілікті талап ететін, үнемі қадағалауды қажет ететін өнім. Мәселен, бір адам дүкеннен өзіне жаңа киім сатып алып, оны үстіне киіп кетті делік. Ол киімді бір жуған соң өңі кетіп, материалы сөгіле бастады. Тұтынушы өзі алған киімнің сапасының бұзылғаны үшін оны қайтадан дүкенге апармайды. Себебі киімнің сапасы адам денсаулығына кесірін тигізіп тұрған жоқ. Тағамды мысалдағы киіммен салыстырып қарай алмаймыз. Дайын тағам – адамның күнделікті қажеттілігі. Тағам неғұрлым балғын болса, соғұрлым тұтынушыға күш береді. Егер тағам балғындығын жоғалтып, бұзылып кеткен болса, онда бәрі басқаша.
Мәди: Әр клиентіміз біз үшін қымбат. Еліміздің аздаған бөлігін тамақпен қамтамасыз етіп, уақыты мен қаржыларын үнемдеуге көмектесе алсақ, біздің мақсатымыздың орындалғаны. Ең бірінші орынға табысты емес, адал қызметті қоямыз. Сондықтан да, клиенттермен кері байланыс орнатуды құптаймыз, біз үшін олардың әрқайсысының пікірі маңызды.
Командамызға жұмысшы аларда адамның адалдығына, адамгершілік қасиетіне мән береміз. Өз жұмысына адал бола білетін адам – қоғамдағы әр азаматқа да, ұжымына да адал бола алады. Бұл кәсіптің тұрақты дамуына да кепіл болмақ.
Шығынға ұшырау – әр кәсіпкердің басынан өтетін жағдай
Әділет: Тұтынушылардың күрт азаюы немесе белгілі-бір көлемде шығынға ұшырау – әр кәсіпкердің басынан өтетін жағдайлар. Мұндай кезең бізде де болды. Қазір сол жағдайды тек күліп еске алып, әңгімелеп отырмыз (күлді). Кәсібімізде қаржылай мәселелер туындап, шығынға ұшырап, жұмысымыз 3 аптадай тоқтап қалды. Әрине, кез келген адам мұндай сәтте «Не істейміз? Шешімін қалай табамыз? Енді бәрі не болмақ?» деп ойы сан-саққа кететіні анық. Бұл жағдай біз үшін өте ауыр кезең болды. Депрессияға ұшырамай, негатив ойларды ойламауға тырысып, тек жақсылыққа үміттеніп, қайта аяққа тұрып кеттік. Осы орайда біздің екеу болғанымыз үлкен күш болды. Біріміз өмірден түңіліп, бәрін тастаймын деген ойларға кеткенде, екіншіміз тек жақсы жағын ойлап, дұрыс шешімге бағыттай білдік. Дайын тағамдар жеткізумен айналысатын достарымыз біздің тұтынушыларымызды өз өнімдерімен 3 апта уақыт қамтамасыз етіп, қиын сәтте қолдау көрсетті. Қол астымызда жұмыс істейтін жұмысшыларымыз басқа жұмыстар қарастырып, амалдай тұрды. Достарымыздың көмегі, қолдауы, жұмысшылардың бізге деген сенімі болса керек, әрі қарай жаңа күшпен кәсібімізді жалғастыра бастадық.
Мәди: Осы оқиғадан соң біз екі есе көп жұмыс істеп, бәрін алдын-ала жоспарлап үйрендік. Күнделікті кетіп отыратын шығындардың орнын толтыру, менюге жаңа тағам түрін қосу, оны шығару үшін керек жарақтарын алу деген сияқты істер біздің бір сәт тоқтауымызға мұрша бермейді.
Кәсіптен үйренгеніміз көп
Ең алдымен шыдамдылық танытуды үйрендік, әлі үйреніп келеміз. Күнделікті 24 сағат бойы кәсіппен өмір сүру, ойыңды жаңа, тың идеяларға толтырып отыру тағы бар. Жалпы кәсіптің кез келген түрі адамды тәрбиелейді, білмегенін үйренуіне мүмкіндік береді, жеке қасиеттерін дамыта түседі. Өзіміз үнемі жетіліп, білімімізге білім қосып отыруды қалайтын азаматтар болғасын, кәсіп бізге нағыз керегі болды.
Әділет: Кәсіпте бой түзейтін ағаларымыз – Марғұлан Сейсембаев, Арманжан Байтасов, Қуаныш Шонбай, Әділбек Тұрғанбаев. Аталған кәсіпкерлер қанша жасқа келсе де принципті түрде өздерін дамытып отырады. Олардың осы қасиеттерін ерекше үлгі тұтамыз, жас кәсіпкерлер ретінде олардан үйренеріміз көп. Арнайы барып дәрістерін тыңдаймыз, жиі сұхбат құрамыз.
Мәди: Студент кезімізде түрлі кітаптар оқып, өз ортамызда идеялар талқылаған болсақ, соның бәрі бүгін бізге кәсіп жүргізуде септігін тигізуде. Кәсіпті бастамас бұрын да әр түрлі тақырыптағы тренингтерге қатысып жүретінбіз. Әлі де сол дәстүр бар. Бизнес тренингтерге қатысудың қажеті жоқ деп есептемейміз. Керісінше, сіз барған әр тренинг сіздің білетініңізге жаңа дүние қосады.
Негізінде Әділет екеуміз университетте футболдан факультет арасындағы турнир кезінде танысқанбыз. Сол таныстығымыз достыққа ұласып, бірге кәсіп жүргізіп отырмыз. Қазір де аптасына 2-3 рет футбол ойнаймыз. Одан бөлек достарымызбен кездесу тағы бар. Осындай сәттерде біріміз екіншіміздің орнымызды басып, жоқтығымызды білдітпей жүреміз.
Кәсіпкерлерге кеңес
Кәсіпкерлер қандай адамдар дегенге келер болсақ: шыдамды, айтқанынан қайтпайтын, жаңа мүмкіндіктерді көре алатын және кез келген мәселені шеше алатын, өз күшіне, идеясына сенетін адамдар.
Жалпы кәсіпкер өз кәсібін бастамас бұрын нарықты зерттеп, бастапқы шығынды екі есе көлемде есептеп, бәрін жан-жақты кеңінен ойлағаны және екі адам бірлесіп бастайтын болса бір-біріне сенімділік, адалдық танытқаны жөн. Кәсіпкер боламын деген адам кемінде бір саланың маманы болғаны дұрыс. Сондай-ақ оның басқалардан артықшылығы, ерекше ойлау қасиеті болса, өз идеясының жүзеге асатынына сеніп тұрса – онда кәсіпті көп ойланбай бастағаны жөн.
Кәсіпкер болу – кез келген мәселені шеше алу. Белгілі бір кәсіппен айналысатын адам күнделікті туындайтын мәселелерді шешу арқылы өз кәсібін жүргізеді. Сонымен қатар ол тек өз кәсібінде туындайтын мәселелерді ғана емес, халықтың күнделікті тұрмысында туындайтын проблемаларды шешудің жолын іздейді, сол жолда кәсіппен айналысады.