Ақмола қалай Астанаға айналды?

«1997 жылдың жаз айында Алматыдан Ақмолаға алғашқы журналист ретінде келдім десем артық айтқандық емес. Неге олай кесіп айтамын? Өйткені, жаз айында «Қазақстан» телерадио корпорациясының бірінші вице-президенті  ретінде Сарыарқа төріне ұзақ мерзімдік іс-сапарға жіберілген едім. «Кемінде 3 ай болатын шығарсыз» деп те ескерткені есімде. Сол кезде алдыма қойылған міндет Ақмоладан «Ақшам» ақпараттық бағдарламасының шығуын қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базасын жасау, кадрларды дайындау болды. Ол міндет өз уақытында дер орындалды. Ақмолаға мемлекеттік рәміздеріміз жеткізілген күні кешкі сағат 20-00-де «Ақшамның» Ақмоладан берілуі қамтамасыз етілді», — деп еске алады Сауытбек Абдрахманов.

Бүгінде Мәжіліс депутаты Сауытбек аға осы ретте басынан өткен сол бір күндердегі қызықты оқиғамен бөлісті.

«Біз екі қала әкімінің телекөпірін ойластырдық. «Басқа пәле тілден» демекші, идеяның авторы ретінде бұл жұмыс маған тапсырылды. Телекөпірге Алматы қаласының әкімі келісімін бергенімен, Ақмола облысының әкімі бас тартты.  Осы орайда «облыс әкімінің қатысы қанша, қала әкімі қайда?» деген сауалдың кесе-көлденең алдан шығары айтпаса да түсінікті. Мәселе мынада, Ақмола ол кезде облысқа бағынышты қала, яғни облыс әкімі басқарады. Өңірге басшылық жасап отырған Жәнібек Кәрібжанов өзінің қатыса алмайтындығын, орнына орынбасары Светлана Жалмағанбетова  болатындығын ескертті. Шынын айтқанда, оған біздің көңіліміз түсті. «Алматыдан қала әкімі, ал мына жақтан облыс әкімінің орынбасары шықса, қалай болмақ» деп ойландық. Ол кезде облыс, қала  басшылары орталық органмен келісіп барып сөйлейтін», — деді ол.

Осындай әуре-сарсаңмен жүргенде телекөмір өтеді деп белгіленген күн де келіп жетеді.

«Телекөмір өтетін күні облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен 2 сағаттан кейін өңір басшысының өзі баратындығы туралы хабар жетті. «Аяқ астынан мұндай өзгеріс неге орын алды екен» деп таң қалдық. Осы аралықта бізге де хабар жетті. Сөйтсек, 2 сағаттай уақыт бұрын ғана Президент Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының ресми астанасы етіп жариялау жөніндегі Жарлыққа қол қойыпты. Ал Жәнібек Сәлімұлы соған дейін «мәселе шешілген емес, мен не деп айтамын» деп екі ойлы болып тұрған екен. Факспен Президент Жарлығы келген кезде ғана Жәнібек Сәлімұлы өзі баруға шешім қабылдаған. Телекөпір өтіп, оның әсері өте жоғары болды. Өйткені, кешке сағат 20-00-дегі соңғы жаңалық берілмеген. Бүгінгідей хабар тез тарайтын әлеуметтік желілер жоқ. Осылайша, халық Ақмола қаласының астана болып жарияланғанын ақпараттық хабардан бұрын телекөпірден естіді», — деді Сауытбек Абдрахманов.

Сауытбек Абдрахманұлы «Қазақстан» телеарнасына басшылық қызметке келгенге дейін Орталық комитетте, Президент аппаратында жұмыс істеген. Сондықтан тілшілер арасында «Абдрахманов 20 қазанда Жарлыққа қол қойылатынын біліп, телекөпірді сол күнге қойған екен» деген әңгіме тарап кетеді.

«Шынымен білгенім жоқ, сәті солай келді. Жалпы елдің елдігі, мемлекеттің бастауы туралы айтқан кезде көбіне Конституцияны, әнұранды, елтаңбаны алдымен атаймыз. Негізінде біздің елдігімізді еселендірген, айқындаған сипаттардың ең бастысы — ол астананы өзіміздің таңдауымыз, орнатуымыз.  Өйткені, ел болғаннан кейін оның Конституциясы, елтаңбасы, әнұраны, туы болуға тиіс. Тәуелсіз ел болғаннан кейін ол елдің халықаралық ұйымдарға мүше болуы да заңды. Ал ел болғаннан кейін ордаңды өзің қай жерде тігетініңді айқындау — Тәуелсіздіктің ең басты көрінісі. Арқаға ауып келіп, алтын қазық қағуда, қазақ жерінің қақ ортасы киелі Сарыарқаға келіп орда тігуде Елбасымыздың ерен еңбегі  жатыр», — деп түйіндеді сөзін Сауытбек Абдрахманов.

Дереккөзkazinform.kz