Рұқсат етілмеген препараттар күші қандай?

IWF 4 алтын иегері, Светлана Подобедова, Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манезаның қанынан мына препараттардың табылғанын жариялады:

Илья Ильин  – Дегидрохлорметилтестостерон, Станозолол

Зульфия Чиншанло  – Оксандролон, Станозолол

Светлана Подобедова  – Станозолол

Майя Манеза  – Станозолол

Илья Ильин

Станозололдың күші қандай?

Станозолол — бодибилдерлер, боксшылар, балуандар, жеңіл және ауыратлеттері ең жиі қолданатын, спортта рұқсат етілмеген препарат. Оны — 1962 жылы Winthrop Laboratories компаниясы ветеринария саласына қатысты жасап шығарған. Әсіресе, жылқы малының жүйріктігін арттыратын және өзге де емдік мақсатта қолданылатын препарат болып есептелген. Кейінен спортшылар күш беретін препарат ретінде қолдана бастаған. Сондай-ақ, ол кәдімгі стероидтар ретінде ағзадағы зат алмасу процесін жылдамдатады, бұлшықет пен оның бедерлігіне ықпал етеді. Сүйектен кальцийдің бөлініп шығуына болысады, ағзада фосфор, азот, күкіртті сақтап тұрады.   Вирилизмді дамытуына қарамастан, салыстырмалы түрде қаупі аз препарат есебінде оны спорттағы әйелдер де жиі қолданады.

Стероид әсерінен шаш түсіп, безеу, бөртпе пайда болуы мүмкін және бауыр қызметіне кері әсерін тигізуі де ықтимал.

Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Шишигина аталмыш препаратты қолданғаны үшін 1996-1998 жылдар аралығында спорттан шеттетілген.

Дегидрохлорметилтестостерон

Салмақ дәрежесі ескерілетін спорт түрлеріне қатысты жиі қолданылатын препарат. И. Ильиннен бұрын А. Өтешев, Ж. Қыдырбаев, Е. Өміртай дегидрохлорметилтестостерон қолданды деген айыппен спорттан шеттетілген еді. Препараттың негізгі әсері: бұлшықеттің жылдам жетілуіне, артық күш алуға мүмкіндік береді, сүйектің майысып кетуінің алдын алады.

Илья – Пекин, Лондон Олимпиадаларында 94 келіде бақ сынаған, кейінен 105 келіге ауысқан спортшы.

Оксандролон

Рио Олимпиадасынан да алтынға үмітті Зульфия Чиншанло қанынан табылды деген оксандролон препараты бұлшықет массасын оны жоғалтқан кезде арттыру мақсатында, сондай-ақ ВИЧ/СПИД-тен емделу кезінде пайдаланылады. Оксандролон – жылдамдық маңызды рөл атқаратын спорт түрлерімен айналысатын атлеттер арасында жиі қолданылатын препарат болып саналады.

Мәдениет және спорт министрлігі Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) допинг дауына іліккен қазақстандық ауыр атлеттерді жүлделерінен айырып, Рио-де-Жанейро олимпиадасына қатысуына тыйым салса, оған шағымданатынын мәлімдеді. Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековке сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер хабарлады.

Еске салайық, маусым айының басында шетелдік ақпарат құралдары қазақстандық ауыратлеттердің қанынан допинг табылғаны жөнінде хабарлаған болатын. Олардың мәліметінше, Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло алдағы Олимпиада ойындарына қатыса алмауы мүмкін.