«Биыл облыста 233 мың гектардан астам жерге масақты дақылдар егілді. Оның 191 мың гектары бидай болса, 42,5 мың гектары арпа. Бүгінде облыста осы алқаптардан 26,5 мың тонна арпа мен бидай жиналып отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының алдын ала жасаған болжамдық есебі бойынша егілген дәнді-дақылдардың әр гектарынан 16 центнерден, яғни 374 мың тонна өнім жинау күтілуде. Сондықтан мол жиналған астықтан шаруалар тиісті қаражатын табуы үшін астықты сақтау, дер кезінде экспортқа шығару қажет», — деді Ж.Түймебаев.
1998 жылы құрылған қожалықтың меншігінде 2500 гектар егістік жер бар. 16 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған кооперативте егістікке арналған техниканың барлық түрі бар. Аталған ұжым өткен жылы 76 млн теңгенің өнімін өндірген. Мәселен, өткен жылы 2700 тонна бидай өнімін, 320 тонна мақсары, 450 тонна арпа жинаған.
Егінге алғашқы орақты қазығұрттық шаруалар салды. Аталған ауданда биыл 87 мың гектарға жуық жерге күздік және жаздық бидай мен арпа егілген. Айта кетейік, тауар өндірушілерге жеңілдетілген бағамен берілетін минералды тыңайтқыштың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5 мың тоннаға артып, 85 мың тоннаны құрады. Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 38 мың тонна жанар-жағар май толығымен тауар өндірушілерге босатылды. Ал астық оруға қажетті 900-ге жуық техника дайын тұр. Егін орағы науқанымен қатар, облыста мал азығын дайындау жұмыстары да жүргізілуде. Бүгінгі күнге межеленген 3750 тоннаның 1590 тоннасы дайындалған.