Әрбір сұлулық салонында шағымдар мен ұсыныстардың кітабы болуы керек. Оны сондай-ақ, онлайн режим түрінде веб-сайтта, әлеуметтік желідегі парақшада бәріне қолжетімді етіп жасап қоюға болады. Әрбір салон тұтынушыларымен кері байланыс орнатқаны дұрыс. Шағымдар мен ұсыныстар кітабын кейбіреулер шектен шыққандық деп жатады. Алайда кез келген салонның мақсаты – келушінің көңілінен шығу. Салон жұмысына қанағаттанған бір клиент 100 клиентті алып келеді. Сонымен қатар клиенттердің тілектері салон қызметін жетілдіруге сеп болады. Сондықтан сіз де шағымдар мен ұсыныстар кітапшасына мән бере жүріңіз.
2016 жылдан бастап, еліміздің барлық сұлулық салондары онлайн-кассалық аппаратты орнатуға міндетті. Енді «онлайн» режимінде кассалық есепте шығарылған сомалар туралы барлық деректер Салық комитетінің серверіне жіберіледі. Бұл құрылғының құны 70 000 теңгеден жоғары. Демек, әр адам сұлулық салонына барғанда онлайн-чек талап етуіне құқылы. Салон иесі заңға сәйкес жұмыс істеп, онлайн-кассаны орнатқан болса, онда сіз бұл салонның жұмысына толықтай сене аласыз. Себебі клиентке адал болу заңға адал болудан басталады.
Келесі маңызды мәселеге назар аударыңыз. Мәселен, Сіз маникюрге не педикюрге келдіңіз. Шебердің сыртқы бейнесіне назар аударыңыз. Біріншіден, тырнақты әрлеуші шебердің тырнағында әдемі маникюр болуы керек. Бұл тұста «Ұста пышаққа жарымас, етікші етікке жарымас» сөзіне орын жоқ. Тырнақ әрлейтін шебердің үстінде алжапқышы, бетінде маскасы, қолында арнайы қолғаптары және үстел үстінде бір рет қолдануға арналған сүлгісі болуы керек. Ал тырнақты әрлеуге қажетті құралдар құрғақ отты арнайы шкафта өңделген болуы керек. Аталған шкафты УК стерилизаторымен шатастырмау керек.
Айта кетейік, ультракүлгін стерилизаторы өңделген құралдарды сақтауға арналған. Оның бағасы 7000-9000 теңге көлемінде. Ал құрғақ отты шкаф құралдарды толықтай зарарсыздандырады және барлық бактерияларды жояды. Құны 45000-100000 теңге аралығында.
Ал педикюр кезінде барлық құралдар тек бір рет қолдануға арналған болуы керек. Оларға: сүлгі, сүйретпе аяқ киім, саусақ бөлгіштері, тырнақ егеуіші жатады. Бұлардың барлығы бірге арнайы сатылады. Бағасы небәрі 500 теңге. Алайда көп салондар осы құралдарды үнемдеу мақсатында бірнеше рет қолданып жатады. Ол дұрыс емес. Сондықтан педикюр жасатпас бұрын құралдардың сіздің көз алдыңызда жаңадан ашылуына мән беріңіз.
Аударған: Еңлік Сақтан