Тарихқа үңілсек, бұл идея бұрын да көтерілген. Айталық, Әлихан Бөкейхановтың «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласындағы «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген сөздерді еске түсірейікші.

Өкінішке орай, ол кезде қалыптасқан саяси ахуал Алаш жұртын Қараөткелге (қазіргі Астана) шоғырландыруға мүмкіндік бермеді. Ол  мүмкіндік өткен ғасырдың соңындағы азаттықпен бірге келді. Қазақ тарихының жаңа беттері ашылды.

Целиноградтан Астанаға дейін

Целиноград – бұрынғы Астананың атауы. Бір жылдары Ақмола болып та өзгерді. Целиноградта неміс, орыс, казак, татар секілді ондаған ұлт өкілі тұрған. Ресми деректерге қарағанда, қазақ ұлтының үлес салмағы тым аз болғаны айтылады. Сонымен қатар машина жасау, түсті металдарды өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, астық өндірісі орталығы да болған.

Целиноград. Фото: Интернеттен алынды

Ресей империясының 1862 жылғы 7 мамырдағы шешімімен Ақмола станицасына ресми түрде қала мәртебесі берілді. Бұған дейін де бұл өлкеде бекініс болған. Кенесары бастаған қол Ресей бекінісіне бірнеше мәрте шабуыл жасағаны тарихтан мәлім. 1939 жылдың қазан айында кеңес өкіметі Ақмоланы облыс орталығы етіп бекітті. Бұл жылдары қалада 32,5 мың тұрғын өмір сүрді. Ақмола тарихының келесі бір кезеңі – тың жерлерді игеру жылдары. Бұл жылдары Ақмола облысы елдің ең маңызды астықты аймағына, ауылшаруашылығы, машина құрылысы орталығына айналды.

ҚР Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1992 жылғы 6 шілдедегі «Орал, Целиноград, Шымкент облыстары мен Целиноград қаласының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы» Қаулысына сәйкесті қаланың тарихи атауы қайта қалпына келтірілді. Сөйтіп, 1992 жылы Целиноград қайтадан Ақмола болып өзгерді.

1990 жылдардың басында болашақ елордамыз Ақмола қаласы болып бекітілгеннен кейін Арқа төсіне еліміздің түкпір-түкпірінен тұрғындар көше бастады. Бұрынғы Целиноград – Ақмола қаласын иемденген шағын қала қазір Қазақстанның саяси-экономикалық орталығы – Астана.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астана қаласы туралы: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы  — 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», — дей келіп, — 1992 жылы, Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып өзен жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама Астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан» — деп айтқан еді.

Қаланың бас жоспарын жасауға Елбасы басшылығымен әлемдік сәулет өнерінің атақты шеберлері қатысты. Әлемге әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава, қазіргі заманның ұлы сәулетшісі ағылшын Норман Фостер, италяндық шеберлер – Манфреди Николетти мен Максимильян Фуксас Астана құрылысына қолтаңбаларын қалдырды.

Астана осы жылдар ішінде адам танымастай өзгерді. Ол – Шығыс пен Батыстың архитектуралық жаңалықтарын, тарихи байланысын, заманауи жетістіктерді, философиялық мазмұнға бай мәнерді бойына сіңірген ең жас астаналардың бірі.

ЭКСПО-2017. Фото: Интернеттен алынды

Қазір Астанада 1 миллионнан артық халық тұрады. Оның басым көпшілігі еліміздің әр жерінен келген мемлекеттік қызметкерлер, ұлттық және жеке компаниялардың өкілдері, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, студенттер мен қарапайым жұмысшылар. Астанаға бүгіндері мәнсап қуып баратындармен салыстырғанда, жұмыс істеу үшін, бизнес бастау үшін баратындардың саны молайғаны байқалады.

Астана – халықаралық маңызды жиындардың, симпозиумдар мен форумдардың ордасына айналды. 2011 жылы Астана төрінде ЕҚЫҰ-ның бірегей саммиті өтті. Былтыр ЭКСПО-2017 көрмесі ашылып, үш ай бойы «Болашақтың энергиясы» тақырыбында халықаралық мамандандырылған көрме ел назарын өзіне аударды.

Астана – сәулеті мен дәулеті жыл санап кемелденіп келе жатқан қала. Астана маңына «Жасыл белдеу» жобасы аясында үлкен орман бағы өсірілуде. Онда әлемнің әр елінен әкелінген ағаштар отырғызылып, Астана маңыз жасыл желекке бөлеу жоспарланған.

Хан шатыр
Хан шатыр. Фото: Интернеттен алынды

Астана – «Бәйтерек», Ақорда, «Хан шатыр», «Думан»,  Салтанат сарайы, ЭКСПО қалашығы секілді ондаға бірегей сәулетті кешендер арқылы өзіне елді байрайды. Одан бөлек спорт сарайлары, театрлар, концерт залдары, біреегй ескерткіштер, әлемге танымал оқу орындары Астана даңқын ұзаққа жеткізіп отыр.

Астана – еліміз экономикасын өрге сүйреп отырған локомотив. Болашақта ЭКСПО қалашығын әлемдік экономикалық орталыққа айналдыру жоспары бар. Еліміздің даму барысына көз жібергендер бұл қаланың ел дамуына қосқан үлесі зор екенін айтады. Өйткені, Оңтүстіктегі сауда, қызмет көрсету, өндіріс ошағын ашу қызмет түрлері Солтүстікке жылжыды. Инфрақұрылым, халықаралық қатынас жолдары, автожол мен темір жол салынып, елішілік барыс-келіс нығайды. Бұл үрдіс әлі де тоқтаған жоқ.

Бүгінгі әсем Астанамыз еліміздің тек әкімшілік орталығы болумен шектелмейді,  сонымен қатар  бабаларымыз аңсаған азаттық пен ұлттық қайта түлеудің де орталығына айналды. Еліміздің шетелдермен жоғары деңгейдегі ресми кездесулері, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, спорт пен туризм саласындағы іс-шаралардың бәрі біздің Астанамызда өтеді. Астана  — біздің ортақ шаңырағымыз.  Астана өзінің жаңа тарихында өзге ұлттарды ғана емес, бүкіл адамзатты бейбітшілік пен келісімге шақырып отыр және шақыра бермек.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!