Басты бетЖаңалықтарАстана форумы:...

Астана форумы: Қазақстан Жібек жолы жобаларына қатысады

Қазақстанның Жібек жолы жобаларына қатысатынын «Global Silk Road» Жібек жолы елдері қалалары басшыларының форумында халықаралық жасыл технология және инвестициялық жобалар орталығының жетекшісі Рапиль Жошыбаев айтты. Бұл туралы Астана қалалық әкімшілігінің ресми сайты жазды.

Рапиль Жошыбаевтың айтуынша, орталық Жібек жолы елдері мен қалалары арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту мен қалалар қауымдастығымен байланыс орнату мақсатында жұмыс істейді. Қалалар қауымдастығы қатарында Майклом Блумберг құрастырған C40 қалаларының желісі, Global Cool Cities Alliance, жасыл қалалар қозғалысы, «Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы» жобалары, эко-қалалар желісі және «төмен көміртекті қала моделі» бар. Сонымен қатар, халықаралық Жібек жолы жасыл инвестициялар мен жасыл бизнесті нормативтік, құқықтық, консалтингтік, маркетингтік қолдау жобаларын іске асыруға қолдау көрсетеді. Орталық Нұрсұлтан  Назарбаевтың БҰҰ-ның 70-ші мерейтойлық сессиясында айтқан бастамасымен құрылды. Орталық «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы ЭКСПО-2017 көрмесінің инфрақұрылымдық, потенциалды және интеллектуалды мұралары базасында ұйымдастырылды.

 «Орталық жасыл технологиялармен байланысты Шанхай, Сеул, Копенгаген, Пекин, Дубай және Токио қаласымен серіктес. Жаңа технологияларды өндіруші компаниялармен белсенді серіктестік қатынас орнату және бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойылды», — дейді жаңа орталықтың жетекшісі Рапиль Жошыбаев.

Форумның алғашқы күнінде қатысушылар «Қала тұрақтылығы: перспективалық экологиялық технологиялар және қоршаған ортаның тұрақтылығы» тақырыбын талқылады. Талқылауға инвестициялық және инновациялық жобаларды басқару бойынша халықаралық сарапшылар қатысты. Сарапшылар арасында Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, Greenonetec, Kioto және PV Invest Орталық Азиядағы директоры Зигфрис П. Ладнорг, «Ресейдің менеджерлер мен әзірлеушілер гильдиясы» энергия тиімділігі және орнықты даму жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Евгений Теслия, Тұрақты даму және уранизация бөлімі бастығы Рамазан Жампиисов және «Astana Innovations» АҚ төрағасы Олжас Сартаев бар.

Сонымен қатар, форумның қатысушылары ғимараттар мен қалалардың математикалық моделін талқылады.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы «Ғылым қоры» АҚ, Tech Garden автономды кластерлік қоры, Cleantech Latvia және Исламдық бизнес халықаралық ассоциациясы сияқты ірі ұйымдармен меморандумға қол қойды.

Қазақстан және ТМД қалалары үшін жасыл технологиялар кешенін дамытудың негізгі факторы ретінде техногенді жүктемені төмендету, тұрақты сәулет және қала құрылысын жасау, жасыл инфрақұрылым, энергия тиімділігін арттыру, таза және автономды энергия көздеріне көшу, тұрмыстық қалдықтарды жеке жинау,экологиялық жайлылықты арттыру, тұрғын үй мен коммуналды қызметтердің сапасы болып табылады. Аталған талаптардың барлығын қазір «ақылды қалалар» концепциясы — Smart City біріктіреді.

Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен Ұлы Жібек жолы елдеріндегі қала әкімдерінің форумы алдыңғы қатарлы қалалар мен көшбасшыларын біріктіретін эксклюзивті платформа екенін айта кеткен жөн. Екі күн бойы қатысушылар «Белдеу мен жол» бағдарламасын талқылап, аймақтық экономикалық серіктестіктің жаңа тетіктерін іске асыруды ұсынып, қатысушы елдердің экономикалық гүлденуін ынталандыру, барлық салаларда мәдени алмасу және байланысты нығайту, сондай-ақ бейбітшілік пен тұраты даму туралы талқылады.