Осыған дейін Олимпиада чемпиондары Ильин, Чиншанло, Манеза және Подобедовалардың жарыстардан шеттетілгені белгілі болған еді. Қайта тексерудің қорытындысында төрт ауыратлеттің де станозолол қолданғаны, ал Ильин мен Чиншанлоның қосымша тағы екі препарат қолданғаны анықталған.
«Халықаралық ауыр атлетика федерациясының хабарламасына сәйкес, қазақстандық ауыратлеттер Илья Ильин, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Зүлфия Чиншанло спорт жарыстарына қатысуға уақытша шектелген. Лондондағы Олимпиада ойындары кезінде спортшылардан алынған сынақтардан Дүниежүзілік Антидопинг Агенттігі тыйым салған заттар анықталған.
Таяу уақытта Халықаралық Олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясының тыңдауы өтеді, оның барысында Олимпиада марапаттарының тағдыры шешіледі, сонымен қатар атлеттерді Рио-де-Жанейро Олимпиадасына бару-бармауы мәселесі шешіледі.
ВАДА Кодексіне сәйкес, спортшы ағзасына түсетін заттарға өзі жауапкершілік артады (2.1-бап). 13-бапқа сәйкес, спортшы өзіне қатысты шыққан қандай да бір шешімге апелляцияға бере алады.
Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы ҚР Ұлттық Олимпиала комитетімен және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен атлеттерге өз заңды құқықтарын қорғауға барлық деңгейде және процесстің барлық кезеңінде құқықтық көмек көрсетеді.
Әрбір құқықтық кезеңнің қорытындысы бойынша ҚР ААФ БАҚ-ға мәлімет таратып отырады», — делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, маусым айының басында шетелдік ақпарат құралдары қазақстандық ауыратлеттердің қанынан допинг табылғаны жөнінде хабарлаған болатын. Олардың мәліметінше, Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанло алдағы Олимпиада ойындарына қатыса алмауы мүмкін.
Кейін Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті қазақстандық спортшылардың «Б» допинг сынамаларының қосымша тексерілу процедурасын растап, бес зілтеміршінің қанынан табылған заттардың күмән туғызғанын хабарлады.