Басты бет Жаңалықтар БҚО-да «Алтын ханшайымға» кесене тұрғызылуда

БҚО-да «Алтын ханшайымға» кесене тұрғызылуда

2012 жылы оралдық археологтар Теректі ауданы аумағындағы Тақсай қорғандар кешеніне археологиялық қазба жүргізу барысында "Алтын ханшайым" деп ат берілген жасы шамамен 35-40 шамасындағы ақсүйек әйелдің мүрдесін тапқан еді. Оның өн бойында сырға, сақина, алқа секілді 500-ге жуық алтын әшекей болған. Тіпті, көйлегінің өзі алтын жіппен тігілген-тұғын.

Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам» бейнесін қалпына келтірген ғалым-реставратор Қырым Алтынбектің жетекшілігімен Тақсайдан табылған ақсүйек әйелдің мүсіні қайта жаңғыртылды. Мамандардың айтуынша, біздің дәуірімізге дейінгі 6-5 ғасырлардағы археологиялық ескерткіштер санатына  жататын аса құнды жәдігердің түпнұсқасы күні бүгін ҚР Ұлттық мұражайында сақтаулы тұр. Батыс Қазакқстан облысының әкімі А.Көлгінов 18 маусым күні Теректі ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде осы «Алтын ханшайымға» арнап қолға алынған кесене-ескерткіштің іргетасын көтеру шарасына қатысты.  «Орал — Орынбор» күрежолының жанында салынатын еңселі кесененің биіктігі — 7, ені 4 метр болмақ.

«Кесененің құрылыс жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында меценаттар есебінен жүргізілуде. Бюджеттен бір тиын ақша жұмсалмайды. Оны «Заңғар» жеке кәсіпкерлігі қолға алды. Туристер үшін аса маңызды әрі құнды жобаның жалпы сомасы 8 млн. теңге. Тек қана таза табиғи ақ мәрмар тастан салынатын кесене құрылысын бір ай ішінде аяқтап, тамыз айында ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Теректі ауданы әкімінің орынбасары А.Тоқжанов.

Тақсай қорғандар кешені  Қазақстанның Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы жариялаған киелі орындар тізіміне кіретін 100 нысанның қатарына кіреді.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version