Бір жағынан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп жатқан мерекелік шаралар Құрманғазы мен Дина, Қадыр Мырза Әлі ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Шаһардың жаңа бөлігіндегі Тұңғыш Президент атындағы алаңда жалғасқан думанды мерекеде жергілікті саз мектептерінің шәкірттері, өлкеге танымал өнер ұжымдары күмбірлетіп күй шертіп, әуелетіп ән салды. Күміс көмейлерден терме төгіліп, мың бұралған бишілер көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлады. Құрманғазы мен Дина, Дәулеткерей, Сейтек, Оқап, Мәмен секілді көптеген арқалы күйшілердің кіндік қандары тамған қасиетті Ақ Жайық топырағының жұртшылығы осылайша жаңа Ұлттық мерекені бірауыздан қызу қолдайтындығын көрсетті.
Бұл күні облыстың аудан-ауылдарында да домбыра аспабын ұлықтаған көрмелер, «Домбыра пати» шаралары өтіп, осы күні елімізде жарық дүние есігін ашқан барлық нәрестелерге Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс басшылығы тарапынан домбыра сыйға тартылды. Атап айтқанда, облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бастаған, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, этномәдение орталықтардың жетекшілері, іскерлік орта өкілдері қостаған бір топ лауазымды азаматтар Орал қалалық перзентханасында болып, 1 шілде күні дүниеге келген 15 сәбиге, ақ тілектерін арнап, ұлттық аспап — домбыра сыйлады. Жас аналар да өз тараптарынан оларға алғыстарын білдірді.
Едіге Нәбиев, оралдық күйші, домбыра жасау шебері: -Ұлттық рухты көтеретін, сананы сілкіндіретін мұндай мереке бізге ауадай қажет еді. Ел қажетін ескерген Елбасыға үлкен ризашылығымды білдіремін. Алдағы жылдары домбыра тойы мағыналық, мәндік тұрғыдан толығып, кемелдене беретіндігіне сенімдімін.