«Бүгін біз алтыншы сайланған ҚР Парламентінің үшінші сессиясын аяқтап отырмыз. Бұл біздің жұмысымызға қорытынды жасап қана қоймай, ең біріншіден алдағы мақсаттарды жоспарлайтын өте маңызды сәт. Әрине, депутаттық корпустың бүкіл жұмысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші сессияның ашылуында көрсеткен стратегиялық тапсырмаларын, сонымен бірге Президенттің биылғы Жолдауында көрсетілген барлық міндеттерді жүзеге асыруға арналды», — деп тоқталды ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Бірлескен отырыс барысында ол дәстүр бойынша атқарылған жұмыстарға есеп берді. Осы орайда Н. Нығматулин алтыншы сайланған Парламенттің үшінші сессиясы өте маңызды әрі тарихи кезеңде өткенін атап өтті. Сессия кезінде депутаттар үкіметтік заң жобаларымен қатар, өздерінің заң шығару бастамасын да ойдағыдай жүзеге асырды.
«Қабылданған барлық заңдар, әрбір іс-шаралар еліміздің тұрақты дамуына, қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға, ел бірлігін арттыруға зор ықпал ететіні сөзсіз. Бұл Сенат пен Мәжілістің және Үкіметпен, барлық мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп атқарған елеулі еңбектерінің жемісі деп білеміз. Өткен сессияда Парламентте 18 Үкімет сағаты, алты парламенттік тыңдау, 27 «дөңгелек үстел» отырысы, комитеттердің 44 көшпелі отырысы, сондай-ақ үш халықаралық конференция ұйымдастырылды. Олар өте маңызды еліміздің экономикалық және әлеуметтік мәселелеріне арналды. Ең алдымен, әрине, мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін тарихи маңызы зор жаңа әліпби мәселесі талқыланды. Осы мәселеге арналған парламенттік тыңдау мемлекетіміздің рухани жаңғыру жолындағы нақты әрі қажетті қадам болып табылады», — деді Мәжіліс төрағасы.
Екі палата депутаттары тікелей халқымыз көтеріп отырған маңызды мәселелерге көңіл бөліп, сессия барысында тиісті органдарға 374 депутаттық сауал жолдады. Оның ішінде Мәжіліс депутаттарынан 274 cауал, Сенат депутаттарынан 100 сауал болды.
«Сессия кезінде азаматтардан 9 мыңнан астам хат келіп, олар талапқа сай қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Бұл орайда Парламенттің аймақтарға сапары туралы да ерекше атап өту керек. Себебі өткен кездесулерде депутаттар облыс орталықтарында, аудан мен қалаларда болып, Президенттің Жолдауы мен бес әлеуметтік бастамасын әрбір отбасына, әрбір азаматқа жеткізді. Оның нәтижесінде, Сенат пен Мәжілістің барлық депутаттары 4 мыңнан астам кездесу өткізді», — деді Нұрлан Нығматулин.