Айқын Қоңыров: Нан бағасы 300 теңге болуы керек…

МАМЫТБЕКОВ ОРНАТАТЫН ӘДІЛЕТТІЛІК!

Нан — ас атасы. Нансыз дастарханның сәні кірмейтіні екінің біріне белгілі. Оның үстіне біздегі тұрмысы төмен көпшіліктің негізгі азығы осы нан. Басқа дұрыс тағамға ақшалары жетпегендіктен, нанға маргарин жағып жеп, не жаздыгүні көкөністің арзандау кезінде жауып алған тосап пен салаттарына нан батырып жеп құрсақтарының тілеуін қанағаттандырған болады. Ендігі жылдан бастап ол да арман болып қалуы ықтимал.

Иә, Үкімет 2016 жылдан нан бағасын да еркін айналымға жібермек. Бұған дейін теңге еркіндікке жіберілсе, артынша жанармай бағасы да шылбырын үзіп еді. Ендігісі нанға келіп тірелген екен. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мұны нарық заңы деп түсіндіреді. Әрі бюджет қаржысын үнемдеу. Мамытбеков бұл әрекеті үшін көпшілікке не деп жауап берерін алдын ала жан-жақты саралап, әбден дайындалған тәрізді. Бірнеше себебі дап-дайын. Сол дап-дайын себептерінің біршамасына жекелеп тоқталып өтейік.

Біріншіден, нан бағасын тұрақты ұстап тұру үшін жыл сайын мемлекеттен 11 миллиард теңгеге шейін жұмсалады екен. Орташа есеппен 6-7 миллиард теңге. Бірақ, осындай қаржыны жұмсау арқылы арзандатылған нанды байлар да сатып алады, кедейлер де алады. Мұны министр әділетсіздік санайды екен. Сол үшін нан бағасы қымбаттау керек екен. Яғни, бұдан «байлар қымбат нан алу үшін кедейлер де жейтін нанды қымбаттату әділдік пе?» деген қорытынды шығарсаңыз, онда қатты қателескеніңіз. Өйткені, қара халықты «алдымен ойлайтын» министр өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын жол тауыпты. Онысы — азық-түлік себетін қайта есептеу арқылы жәрдемақыны көтеру. Бұған мемлекеттен жыл сайын шамамен 1,5 миллиард теңге жұмсалатын көрінеді. Онысын Мамытбековтің жерлесі Тамара Дүйсенова есептеп берген екен. Тамара Дүйсенова — ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі ғой. Міне, Мамытбеков осылай әділдік орнатпақшы. Қысқасы, тұрмысы төмен адамдар бәрібір қиналмайды-мыс, жәрдемақыларына үстеме қосылып, нан бағасының шарықтауынан зардап шекпейді. Әрі бюджет қаржысы да үнемделеді. Одан бөлек қалталылар арзан нанға қол жеткізе алмай діңкесі құриды. Әділдік деген осы емес пе?!. Мамытбековтің миы ми-ақ екен!

Әттең, Дүйсенова оған мемлекеттік жәрдемақыларға жетудің машақатын айтып түсіндірмеген екен де. Көп адам сол алатын аз ақша үшін анда-мұнда сандалып жолақыға ақша құртып, әрі жүйкені тоздырып, одан қалса құжат қабылдайтындардың ақшаны өз қалталарынан беретіндей боп зіркілдейтіндерінен қашып, қолдарын бір-ақ сілтейтіндерін әлде Тамара ханымның өзі де білмей ме екен? Бұрынғы әлеуметтік министр Гүлжан Қарақұсованың тауықтар мен әтештердің «движениесін» зерттеп, нәтижесінде тауықтардың қай уақытта жұмыртқалайтынын анықтап және сол жұмыртқа арқылы отбасылардың шалқып өмір сүруге болатынын дәлелдеп, жәрдемақыларынан қағып тастағанын ешкім ұмытқан жоқ. Одан беріде жағдай кері кетпесе, оң жағдай туралы қарапайым халықтан ештеңе істемейміз. Түрлі сылтаулармен жәрдемақы бермеуге тырысып бағады дейді. Сонда дейміз-ау, Мамытбеков үнемдеп, Дүйсенова таратып беретін қаржыны қанша адам иеленбек? 1,5 миллиард теңге… Егер әр нан бағасы 20-25 теңге көлемінде жәрдемақы қарастырады, күніне бір наннан жылына 7500 теңге үстемақы қосылады дейік. Сонда 200 мың адамды қамтуға болады екен. Бұл Қазақстан халқының 1 пайызынан сәл-ақ артық сан. Ал, Мамытбеков Қазақстан халқының 1 пайызы ғана кедейшілікте өмі сүріп отыр дегенге сене ме? Бұрын 6-7 миллиард теңге жұмсау арқылы жалпы халықты арзан нанмен қамти алсақ, енді 1 пайызын ғана қамту дұрыс шешім бе?

Айтпақшы, біз әр нанға 20-25 теңге көлемінде жәрдемақы үлесін ғана қарастырдық. Бірақ, нан бағасы кемінде 2 есе қымбаттауы мүмкін екенін ескерсек, 20-25 теңге қай жыртыққа жамау болсын?

Бұл мәселенің бірінші жағы ғана. Бізде «жәрдемақыға пәлен қосылды» деп жарияға жар сала жарнамалау тағы бар. Салдарынан күнделікті тұтынатын көп зат бірден қымбаттап шыға келеді. Сонда жәрдемақыға тиын-тебен қосқаннан кім ұтады? Қандай әділдік орнатамыз? Бұдан бөлек, әлеуметтік жәрдемақыға үстеме қосу мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Ол талқыланады, заңдарға өзгеріс ену керек, бюджет қайта қаралу керек. Оның бәрі келер жылға дейін үлгермейтін іс. Демек, мұның өзі де кейінге қалып отырған шаруаға ұқсайды.

ҚАР АСТЫНАН АСТЫҚ ІЗДЕЙ БЕРМЕЙ, КІРПІШ ТЕ ІЗДЕ

Нан бағасы қымбаттайды дегеннен-ақ көпшілік «одан да жыл сайын қар астында рәсуа болып қалатын астықтың жайын ойласа қайтті? Қаншама нан қар астында жатыр ғой» деп сөкті министрді. Мамытбеков мұндай мәселенің көтерілетінін де алдын-ала сезіп, жауабын ойластырып қойса керек. Бір-ақ ауыз сөзбен «ауызды жапты». «Астық алқаптарын аяқпен өлшеп жүру мүмкін емес. Ол жеке меншік бизнес. «Далада қардың астында қалған кірпіш бар ма?» деп неге Индустрия министрінен сұрамайсыз? Ол да тауар. Бұл да тауар» деп дүңк еткізді журналистерге. Министр Әсет Исекешевтің көңіліне кеп қаламын деп ойлаған да жоқ.

Айналып келгенде бәріне шаруалардың өздері кінәлі екен. Барлығы астарына бір-бір «Джип» мініп алады, ал трактор сатып алуға ақша қимайды. Сосын өзгенің техникасына үздігіп қарап отырғандары «қашан босайды екен» деп. Сөйтіп жүргенде қар жауып кетеді, табиғат Мамытбековті тыңдасын ба?.. Былтыр дәл осындай мәселе көтерілгенде сол кездегі Мәжілістің вице-спикері, бүгінгі вице-премьер Дариға Назарбаеваның да Мамытбековке жаны ашып кеткені бар. Біздің де жанымыз ашып кетті…

Әйткенмен, астық — біздің мемлекеттің басты байлығының бірі. Бидай экспорттаудан әлемде жетекші орындардан көрініп келеміз. Ендеше министрліктің жылда қайталана беретін мәселені оңтайлы шешу жолдарын қарастыруына жеткілікті уақыт болды ғой. Бұл жолы әріптесі Исекешевпен ақыл қоса қойса, екеуара «Джиптердің» алдына бидай оратын шалғы орнататын идея ойлап табулары мүмкін еді. Оның үстіне, астықтың қар астында қалуына тек бұл емес, қамбалардың жетіспеуі де себеп болып жатқанын бәріміз білеміз. Соның бәрін шешу керек емес пе? Бүгінде ауыл шаруашылығының барлығы жекенің қолында. Министр «ол жеке меншік бизнес» деп араласпай отыра беретін болса, онда бұл министрліктің өзі қажет пе бізге? «Астықтың бәрі түгел жиналып алынды» деп өтірік есеп бере салатын жергілікті ауыл шаруашылығына жауапты уәкілетті органдарды да мүлде қысқартып тастайық. Бюджет қаржысын үнемдеу сонда болады.

ЕУРОПАША ӨМІР СҮРЕМІЗ

Ауыл шаруашылығы министрлігінің нан бағасын еркіне жіберуге байланысты айтар уәждері мұнымен бітпейді. Егер осылай етсек, бұл салаға инвестиция құюшылар көбейеді-міс. Әрі нан сапасы көтеріледі. Еуропаны мысалға алады. Онда нан бағасы мемлекет тарапынан реттелмейді екен. Әрі нан бағасы теңгеге шаққанда мың теңге төңірегінде.

Біздегілер қит етсе Еуропаны мысалға алатыны бар ғой. Бірақ, сөз бостандығы, өмір сүру жағдайына келгенде Еуропадан үлгі алудың қажеті жоқ болып шыға келеді. Еуропада нан қымбат болса, өткен нөмірімізде де айтып өткеніміздей, біріншіден, онда күнкөріс деңгейі жоғары. Екіншіден, олар астықты сырттан экспорттайды, біз сияқты бірнеше миллион тонна етіп өздері өндіріп отырған жоқ. Үшіншіден, нан сапасы, әрине, біздікінен жоғары. Сол себепті де онда нан қымбат.

Тағы бір жағдай, нан бағасы еркіндікке жіберілсе бұл салаға инвестиция құюшылар көбейеді дегенге ешкім сенбейді. Керісінше, жұрттың нан сатып алу көрсеткіші төмендеп, соған сәйкес наубайханалардың жұмысы кері кетуі ықтимал. Ондай жерге кім инвестиция салсын. Оның үстіне, теңге еркін айналымға жіберілгенде де билік «енді кәсіпкерлеріміздің табысы көбейеді, инвестиция құйылады» деп лепірген. «Отандық тауарлардың бағасы мүлде көтерілмейді» деп ант-су ішкендей де болған. Барлығы айтылған жерлерінде қалды. Қайта көптеген кәсіпкерлер өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болуда. Отандық тауарлар импорттан да қатты жоғары қымбаттап кетті. Бұл жолы да солай болмасына кім кепіл? Сондықтан көпшілік «бүйтіп қымбат нан жеп Еуропаша өмір сүрмей-ақ қойдық» деулері әбден мүмкін ғой. 

ҚОҚЫСҚА ТҮСПЕЙТІН НАН — 300 ТЕҢГЕ

Халық қалаулылары — депутаттар әдетте қалың сайлаушыларының, яғни халықтың жайын күйттеуі тиіс-ті. Бірақ, әдетте депутаттардан ондай мінезді байқай алмай жүрміз. Кейде керісінше қызмет ететіндей көрінеді. Мәселен, «халықшыл коммунист» Айқын Қоңыров нан бағасы 300 теңге болу керек деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Онысымен қоймай, «біз бұл мәселені былтырдан бері көтеріп келеміз» деп отыр. Қазақ халқын қаншама рет қырғынға ұшыратқан коммунистердің көсемі Лениннің жер-жерде керексіз болып қалған мүсіндерін жинауға бел шеше кірісіп жүрген Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының Мәжілістегі мүшесі шынымен халықшыл болса, осындай ұсыныс тастар ма еді?

Олардың да өз уәждері бар болып шықты. Айқын Қоңыровтың айтуынша, бүгінде арзан наннан қадір кетіп, қоқыс түбінде сасып жататын болған. Нанның қадірін көтеру үшін оның бағасын 300 теңгеге бір-ақ жеткізу қажет екен. Әлбетте, біз депутат мырза қаланың қоқыс жәшіктерін ақтарып, нан бар-жоғын тексеріп жүрді дегенге сенбейміз. Соған қарағанда өздері солай істейді немесе біреулердің естігені бойынша айта салған уәжі болса керек.

Әрине, біз наннан мүлде қалдық шықпайды дей алмаймыз. Түрлі жағдайда көгерген, қатып қалған немесе бүлінген нан қалдықтары кей жағдайларда қоқысқа тасталуы мүмкін. Онда да оны ит-құс жейді, кейбіреу малына азық ретінде алады, әйтеуір соншалықты рәсуә болатындай емес. 

НАНМЕН ШОШҚА МЕН ИТТІ СЕМІРТІП КЕЛІППІЗ

Айқын Қоңыровтың тағы бір уәжі бар. Оның айтуынша, арзан бөлкені сатып алып, иті мен шошқасын семіртіп жүргендер баршылық екен. « Солтүстік Қазақстан облысындағы шошқа шаруашылығының бірінде болғанымда өз көзіммен көрдім. Бірақ… қай аудан екені есімде жоқ. Өйткені, ол жерге жол жүріп бара жатып, бұрылған едік. Нан жеген шошқаның тез семіретіні рас. Кішкентай торайлар 90 күнде өсіп шығады. Менің көргенім: нанды бөліп, сүтке қосып, торайларға береді екен. Демек, ашытқыдан пісірілген нан тез семіртеді. Оған қоса, дайын және арзан нанды сатып алу бәрінен тиімді. Ойлап көріңізші, әлгі адам әр шошқаға мемлекеттен демеуқаржы алады, сол ақшаға арзан нан сатып алады. Сөйтіп, екі жақтан мемлекеттік көмек алып, мол пайдаға кенеледі. Астанада тұратын бір танысым бар. Ол алабай тұқымдас ит асырайды. Таң қалғаным, ол күніне 55 теңгеден 7 бөлке нан сатып алады. Итіне беруге…» — дейді ол журналистердің біріне берген сұхбатында.

Дегенмен, бірді-екілі осындай факт үшін жалпы халыққа ауыр тиетін шешімге бару дұрыс па? Екінші жағынан, біреу итіне ет берсе — етті қымбаттату, мысығына сүт берсе — сүтті қымбаттату керек пе? Бір еріккен бай итіне алтыннан қарғыбау тақса — «жұрт алтынды иттеріне тағып жатыр, дереу оның құнын өсіру керек»; біреу үйінде мысық асыраса (ондайлар көп) — «баспана бағасын шарықтатпаса, халық үйге мысық асырап жатыр» деу қаншалықты орынды?

НАНҒА АҚШАҢ ЖЕТПЕСЕ — БӨЛІП ЖЕ

Мамытбеков бұл жолы Энергетика министрі Владимир Школьникпен ақылдасқан тәрізді. Естеріңізде болса, жанармай бағасы шарықтап кеткен шақта Школьник «жанармайды үнемдеу үшін көршілер бір-бірінің машинасына мінгесіп жүрсін» дегенге саятын ұсыныс жасаған. Енді Мамытбеков басқаратын министрлік осыған ұқсас ұсыныс жасап отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров елімізде нанды рационалды тұтыну үшін оны кесілген түрінде және аз бөліктермен сатқан дұрыс деп мәлімдеді. «Нанды кесек-кесек қылып сату деген өте дұрыс. Неліктен нанның қалдықтары қалып қояды? Өйткені, біз тұтас бір бөлкені сатып алып, үйде соның жартысын ғана жеп үлгереміз», — дейді ол.

Демек, жаңа жылдан бастап дүкенге барғанда бөлшектенген нан сатып алуымыз мүмкін. Қарныңыз ашып шыдай алмай бара жатсаңыз, бір-екі тілімін сатып алып, сол жерде-ақ аузыңызға бұралақтатып тығып жіберуіңізге болады. Жоғарыда айтып өттік қой, Мамытбековтің миы ми-ақ! Мұндай идея бұған дейін қалайша ешкімнің басына келмеген?

Әйткенмен, министрлік айтты екен деп дүкен сатушылары нандарын кесектеп турауға көшеді дегенге ешкім сенбейді. Өйткені, тиімсіз. Туралған нан тез қатады әрі үгітіліп, өз салмағын жоғалтады. Уақыт алатыны тағы бар. Сонымен қатар, бөлшектенген нанның өтпей қалу қаупі де жоқ емес. Сондықтан сатушылар мұндай қадамға бара қояды дегенге сену қиын. Ал, нарық заңын «қатты құрмейтін» Мамытбеков ондайда сатушыларды қалай қыстамақ?

Жалпы, министрліктің болжамынша нан бағасы 100 теңге шамасында болады. Тым қатты қымбаттайды деп дүрлігудің қажеті жоқ көрінеді. Бірақ, бұған дейін теңге еркін айналымға жіберілгенде, «доллар бағамы 300 теңге шамасында тұрақтайды деп сенеміз» деген болатын сол шақтағы Бас банкир Қайрат Келімбетов. Бірақ, қазірдің өзінде доллардың 300 теңгеден әлдеқайда асып кеткенін көріп отырмыз. Сол сияқты, нан бағасының да ертеңгі күні Айқын Қоңыровтың арманындай 300 теңгеге жетіп жатса, оған ешқайсысымыз таң қалмаймыз.

ХАЛЫҚ ОНСЫЗ ДА АШ ОТЫР

Медицина әр адам күніне 300-400 грамм нан өнімдерін тұтынуды ұсынады. Нан құрамында адам ағзасына аса қажет калий, кальций, магний, фосфор және темір бар. Яғни, әр адам жылына 120 келі нан шамасында тұтыну қажет. Бірақ, министрлік мәліметінше, бүгінде әрбір қазақстандық шамамен жылына 60-70 келі нан тұтынады екен. Яғни, қажетті мөлшерден екі есе кем. Бұл халық наннан жеріді деген сөз емес. Керісінше, көп адамның нанды қажетіне қарай жеуге шамасы жетпей отырғанын көрсетсе керек. Егер нан бағасы қымбаттаса, халықтың нанды тұтыну көрсеткіші бұдан да кемитіні анық. Сәйкесінше бұл олардың денсаулықтарына да әсер етпек. Атап айтқанда, адамдардың ағзасында темір жетіспеушілігі туындайды, кальций азайып, сүйектеріне зақым келеді, тағысын тағылар. Көріп отырғандарыңыздай, нан бағасын көтеру арқылы мемлекет қаншама зиянға батайын деп отыр.

Жалпы, бір бөлке нанның салмағы 600 граммды құрауы керек. Бірақ, бүгінде бұл стандарт бұзылған, кей наубайханалар граммды кеміту арқылы табыс табуға тырысуда. Мұны министрлік те жоққа шығармайды. Енді баға да көтерілсе, тұтынушы бағадан бір, нанның салмағынан бір ұтылуы кәдік.

ҚҰМҒА СІҢГЕН МИЛЛИАРДТАР

Қалай десек те, бидайға аса бай Қазақстанның нан бағасын ұстап тұруға шамасы келмейді деу күлкілі. Нан бағасын арзан күйінде ұстап тұруға жылына 6-7 миллиард теңге кетеді дедік, егер бұдан бас тартса, әлеуметтік жәрдемақыға 1,5 миллиард теңге бөлмек. Яғни, 5 миллиард теңге үнемделеді деп есептейді. Ал, жылына Президент Жолдауын насихаттау үшін 1 миллиард теңгеден артық қаражат жұмсалатынын білесіздер ме? Ол қандай насихаттау деңіз? Онсыз да Жолдаудың әр сөзін жаттап алған мемлекеттік қызметкерлер бірін-бірі жинап алып, бір-біріне түсіндірген болады. Пайдасыз жиындар. Одан баннерлерге, телеарна мен газеттерге «Жолдау — халықты қолдау» дегенге саятын жаттанды жарнамаларды орналастыру. Әри министр мен депутаттардың, басқа да шенділердің Жолдауды насихаттау мақсатында аймақтарды аралауға кететін шығындары. Біздің білуімізше, бұл сома тек Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі. Жергілікті бюджеттен де Жолдауды насихаттауға қыруар қаржы бөлінетіні күмән туғызбаса керек. Сонда тек Жолдауды насихаттауға бюджет жылына 5-6 миллиард теңге жұмсайды деген сөз.

Біз тек Жолдауды насихаттау жөнінде ғана айтып отырмыз. Одан өзге қаншама пайдасыз жиын-тойлар жетіп артылады. Форумдар, отырыстар, сессиялар… Миллиардтаған қаржы онсыз да желге ұшып жатқанын ел біледі. Одан да мемлекет сондай жиындарын қысқартса, астарына арзан көлік мінсе, сонда нан бағасынан ақша үнемдеудің қажеті де болмай қалатын еді.

Тіптен, көпшілік Қазақстанның имиджін көтеру деген желеумен шетелдердегі нешеме лоббистік компанияларға жыл сайын миллиардаған қаржы аударылатынының шет жағасынан хабардар. Түкке қажетсіз шара. Тіптен, біле білсек жыл сайын бір ай көлемінде ғана қалқайып тұратын шыршалар үшін мемлекет миллиардтаған қаржы жұмсайды. Қазақстан спортының беделі үшін легионерлер сатып алуға, шеттен спортшылар шақыруға қанша миллиард теңге жұмсалатынын да шамалай беріңіз. Бәрі де жалған патриоттық үшін. Той-жиынға сырттан әртіс шақыруды қосыңыз бұған. Айта берсек таусылмайды. Соның бәрін қысқартсақ, бүкіл халықты тегін нанмен қиналмай қамтамасыз етуге болатын еді. Бірақ, Үкімет ол жағын ойламады. Оларға халықтың жай-күйінен гөрі өздерінің даңғазасы әлдеқайда артық сияқты.

Бәлкім, бұл жерде әлдекімдердің жеке мүддесі жатуы да ықтимал. Мәселен, жоғары лауазымды адамдармен тамырлас кәсіпкерлердің бірді-екісі ірі қалалардағы наубайханаларды сатып алып, бұл салада монополия орнатқысы келер, сола арқылы бизнесін дамытуды ойласа ше? Немесе наубайханаға қажетті құрал-жабдықтарды жеткізумен айналысқысы келгендер болса ше? Яғни, Үкімет «нан бағасын еркіне жібердік, есесіне сендер жаңа құрал-жабдықтар сатып алуларың қажет, оны мына компания жеткізеді» деген талап болса ше? Қысқасы, жекелеген компаниялардың және сол компаниялардың арғы жағында тұрған жоғары лауазымды кісілердің жеке мүддесі болса ше бұл жерде.

Қорыта айтқанда, ас атасының бағасының қымбаттауы жалпы көпшілікке қиын тиеді және бұл Үкіметтің қате шешімі болды. Онсыз да бүгінгі қымбатшылықтан жапа шегіп қиналып отырған қарапайым халық енді жаңа жылдан бастап мүлде ашығуы ықтимал. Үмітіміз тек Құдайда. Барлық кездегідей «Құдай өлтірмес» деп отырмыз енді.

Мынадай бір әзіл бар ғой. Бір кісі досына шағым айтып жатса керек. «Сенесің бе, үйде жейтін нан да жоқ. Амал жоқ, тортқа икра жағып жеп отырмыз». Иә, бүгінгі мамытбековшілдердің халыққа айтары осындай сияқты: «Нан алуға ақшаң жоқ па, онда тортқа икра жағып жей бер». Немесе, «Шаншардағы» әзілдей, «аш болсаң ет асып же». Мазақ болған халқым-ай…

Кенже ШЫҢҒЫСБЕК.

Дереккөзtkoi.kz