Жазғы сауат ашу курсын тәмамдаған шәкірттерге сертификат табысталды

«ҚМДБ 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасын» (тұжырымдаманың 5.1-тарауы) негізге ала отырып, «Имани жаз» курсы бойынша мектеп жасындағы шәкірттер имани сауат ашумен қатар, ахлақ, дәстүр, ата-ананы, ұстазды  құрметтеу, қоғамға пайдалы азамат болу сияқты тәрбие тәлімдерін де үйреніп шыққан.

Биыл аталған мешітте оң өзгерістер көптеп жүзеге асырылуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігінің бастамашылығымен аз уақыт ішінде бірқатар тындырымды нәтижелі жұмыстар атқарылған. Қасиетті Рамазан айында үш рет ірі көлемді қайырымдылық акциясы ұйымдастырылса, сауат ашу курсының жұмыстарында да көңіл толарлық өзгерістер бар. Айталық, биыл «Имани жаз» курсы бойынша тұңғыш рет 127 шәкірт тіркеліп, білім алса, алдағы уақытта мешіт ұжымы жаз бойы тұрақты сабақ алатын 200 шәкіртті оқытуға толығымен дайын. Шәкірттерді тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Алла қаласа, 1-шілдеде ресми сабақ басталмақ. Мешіттің стратегиялық орны мен жамағат ішіндегі өзге ұлт өкілдерінің көп екенін ескере отырып, күнделікті сауат ашу курстары, жат ағыммен жұмыс, уағыз-насихат жұмыстары мемлекеттік және ресми тілде қатар жүргізіледі.

Салтанатты шараның басталуында құттықтау сөз сөйлеген  «Шейх Кунта қажы» мешітінің Бас имамы Сәбит Ережепов жас шәкірттерді рухани нәр алған білім сапарларының аяқталуымен құттықтады.

«Имандылық — қоғамды игілікке толтыратын ізгі құндылық. Дініміз адам баласын тал бесіктен жер бесікке дейін білім алуға үндейді. Мешітте имандылық әліппесі жыл сайын өткізіліп келеді. Мұндағы мақсат — Мәңгілік Елдің жан-жақты білімді, рухани құндылықтарға бай патриоттарын тәрбиелеуге атсалысу. Жеткіншектеріміздің жазғы демалыс уақыттарын бос өткізбей имани-рухани білім алуына  себепкер болған шәкірттердің ата-аналарына айырықша алғысымды білдіремін», — деді Бас имам.

Сонымен бірге, Сәбит Ережепов шәкірттерді ел мен жұртқа пайдалы азамат болуға үндеді.

Аталған іс-шараға ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігінен арнайы келген «Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы Ілияс Отаров  шәкірттерді сауат ашу курсын толық тамамдауымен құттықтап, білімнің маңыздылығына тоқталды.

«Имандылық сабақтары адамды қоғамға, елге пайдасы тиетін азамат болуға үндейді. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берген білім — адамзаттың қас жауы» деген екен. Сондықтан мешіт балаларды көрегенді, қоғамға зияны тимейтін азаматтардан болуға тәрбиелейді. Мынадай баяшат заманда балаларымыз сан салалы білімді болғаны жөн. Ғылымды игерумен қатар өнер, руханият, технологиялық үрдістерді меңгерген  жан-жақты, білімдар маман болғаны айырықша маңызды», — деді І. Отаров.

Іс-шара барысында жиналған ата-аналар мен мешіт ақсақалдарының алдына шәкірттер кезек-кезек Құран сүрелерін оқып өздерінің курстан үйренген білімдерімен бөлісті.

Мешіт ақсақалдары сертификат алған шәкірттердің алдағы өмір жолдарына сәт сапар тілеп, ақ батасын беріп ақжарма көңілмен шығарып салды.