Басты бетЖаңалықтарҒабидолла Әбдірахымов...

Ғабидолла Әбдірахымов жаңа қызметі туралы пікірін білдірді

«Шымкенттің мегаполис болатынын бірнеше жыл бұрын Президенттің өзі де айтқан болатын. Мені бұл қызметке тағайындау, бұл күтпеген жаңалық болды. Мемлекет басшысының бұл шешімі мені қатты қуантты. Енді алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін барлық күш-жігерімізді салатын боламыз. Біз қаланың мемлекеттік басқару құрылымын жасап шығаруымыз керек», — дейді әкім Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап беріп.

Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуына қарағанда, Шымкенттің басқару құрылымын қайта жасақтау, трансфертті мүлік бюджетін бөліп алу жұмысы Түркістан облысымен бірлесе шешілетін болады.

«Әлбетте, қаланың мәртебесі өскендіктен, шымкенттіктердің өмір сапасының артуынан үмітті болары сөзсіз. Міне, сондықтан, біз халық табысының өскенін сезінетіндей жұмыстар атқарғымыз келеді. Барлық салалар бойынша жұмыс жүргізіледі», — деді Шымкент әкімі.

Айта кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Жансейіт Түймебаев пен Ғабидолла Әбдірахымовты Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімдері болып тағайындалуымен құттықтаған болатын.

Дереккөзkazinform.kz