Басты бетЖаңалықтарАтыраулық жетім...

Атыраулық жетім балалар демалыстарын Италияда өткізіп жатыр

Балалардың шет елге барып, демалуларына жолдаманы Атырау облысының білім басқармасы қамтамасыз етті. 16-маусымда, Атырау қаласының халықаралық әуежайынан 40 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар Италияның Чезенатико қаласында орналасқан жазғы демалысқа аттанды. Италиядағы екі апталық демалысқа облыстық білім беру басқармасы қаражат бөлген.

«Шаңырақ» отбасылық типтегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне 7 билет берілді, 32 жолдама қалалық және аудандық білім беру бөлімдерінің қамқоршы және қамқорлықтағы балаларға, сондай-ақ, патронаттық тəрбиедегі балаларға, 1 жолдама №4 облыстық санаторлық-интернатының тәрбиеленушісіне берілді.

Балаларды Атырау қаласындағы №12 орта мектептің мұғалімдері, дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының ұстаздары, сондай-ақ ағылшын тілін жетік меңгерген аға оқытушылар жетекшілік етіп барады.

балалар
©Өңірлік баспасөз

«Мен үшін биылғы жазғы демалысым өте қызықты болатынына өте қуаныштымын. Бұл сапарда жаңа достар табамын, ағылшын тілін тереңірек меңгеріп, сәулет ескерткіштерін көретін боламын. Италиядағы ұмытылмас және әдемі орындарды көремін. Сапардан алған әсерім, мен үшін өмір бойы есімде қалатын болады»,- дейді № 12 орта мектептің оқушысы Əсемай Нұржігітова.

Балаларға «Аджип Карачаганак Б.В.» компаниясы әлеуметтік жауапкершілігіне байланысты шетелдік лагерьде демалуға мүмкіндіктер берді. Италияда жазғы демалыс күндері 3 шілдеге дейін жалғасады.