Комиссиия мүшелері «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Олар алдымен қаладағы №47 «Бәйтерек» бөбекжайда болды. Бөбекжай директоры Г.Тлекқабылова үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап шаһарымызда баланы балабақша кезегіне қоюдың автоматтандырылғанын айтып өтті. Орал қаласында 50 мемлекеттік, 50 жекеменшік балабақша бар екенін, жеке бөбекжайлардың 44-і мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасап жатқанын қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ж.Төремұратова мәлімдеді.
№37 жалпы орта білім беретін мектебі – комиссия мүшелері аялдаған екінші нысан. Бұл жерде облыстық білім басқармасының басшысы Ш.Қадырова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде орындалған іс-шараларды баяндады. «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының үш бағыты – «Отаным – тағдырым», «Саналы азамат», «Өлкетану» бағыттары бойынша қаңтардан мамырға дейін 44 шара өткізілгенін, ол шаралардың бір-біріне ұқсамайтындығын тілге тиек етті.
«Пайдалы жобалардың бірі «Саябақтар шеруі» деп аталады. Оған 14 мыңдай бала қатысты. Нәтижесінде 10 тонна қоқыс шығарылып, 8 бұлақтың көзі ашылды, 16 мың түп ағаш егілді. Келесі жаңашыл жобамыз — білім беру жүйесі қызметкерлеріне арналған «БатысБілімTalks» лекторийі. Яғни, аудитория алдында күнде қолға түсе бермейтін нағыз өз ісінің шеберлері, білікті мамандар келіп, дәріс оқуда. Бұл педагогтар үшін өте қажетті жоба деп санаймын», — деді Ш.Қадырова.
Бұдан кейін комиссия ақпараттық-технологиялар колледжіне ат басын тіреді. Колледждің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы тың бастамаларын үздік те белсенді студенттердің өздерінен естіп, «Жас өркен» бизнес клубының жұмысымен танысты. Сондай-ақ Тұңғыш Президент атындағы музей мен Мәншүк Мәметова атындағы колледж мұражайына бас сұқты.
Астаналық делегация мүшелері барған соңғы нысан – облыстық экологиялық-биологиялық орталығы. Мұндағы өсімдіктер әлемімен қоса жануарлар саябағы да келушілердің көңілінен шығып жүр. Орталық директоры Фатима Кержікованың айтуынша, 2017 жылдың өзінде жануарлар саябағына 53 мың адам келген.