Форум жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуде бизнес, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдардың күш-жігерін белсенді етуге бағытталған.
Шара жұмысына Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілі, Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы, орталық мемлекеттік органдар және сарапшылар қауымдастығы қатысты. Сонымен қатар, форумда 300-ге жуық отандық және халықаралық ҮЕҰ өкілдері, ірі бизнес-құрылымдар және қоғам қайраткерлері болды.
Екі күндік жиын аясында панельдік сессиялар, мастер-класстар, case-stady семинарлары, практикумдар және дебаттар өтуде. Іс-шараларды өткізу барысында 3 шетелдік сарапшы шақырылды. Сондай-ақ шарада Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова сөз сөйледі.
«Аталмыш форум «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында өтіп отыр. Бұл ҮЕҰ мен мемлекеттік мекемелердің арасында іскерлік қарым-қатынасты ұлғайту, олардың өзара тәжірибе алмасып, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын орнатуға бағытталған. Форумды Алматы облысында өткізуіміздің себебі ұсыныстардың көп болуы және облыстың қолдауы рөл атқарып отыр. Негізгі жоба — Еңбекшіқазақ ауданында жүзеге асырылып жатқан жергілікті қауымдастық қоры, атап айтқанда, жылыжай шаруашылығын дамыту жобасы, еңбекке қабілетті халықты жұмысқа тарту», — деді ол.
Сонымен бірге жиын барысында Болгарияның жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау қорының сарапшысы Александр Михайлов та өз тәжірибесімен бөлісті.
«Мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын, бірақ бұл шара маған таныс. Бүкіл әлемде бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың осындай кездесулері болып тұрады. Халықтың мәселелерін бірге шешу басты мақсат. Өйткені, халықтың мүддесін қорғау әрдайым бірінші орында. Мен Болгариядағы жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесімен, мәселелер қалай шешілетінін және қандай шара қолданатынымыз туралы айтып беремін. Мен үшін ең маңыздысы — жергілікті тұрғындарды қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету және кәсіпорындардың мемлекет ұсынған жобаларға қатысуын қамтамасыз ету. Егер қандай да бір әлеуметтік мәселе туындаса, бұл мәселені бірге шешу керек. Әркім өз мүддесі үшін қатысады, бірақ халықтың барлық қажеттіліктері шешіледі», — деп қорытындылады ол.
Айта кету керек, «ASAR» I республикалық форумы өткен жылы Атырау облысында өткен болатын.