Басты бет Қоғам Ғабидолла Әбдірахымов: «Қала толығымен абаттандырылуы тиіс»

Ғабидолла Әбдірахымов: «Қала толығымен абаттандырылуы тиіс»

Мегаполис қаланың халқы ыңғайлы да жайлы өмір сүруі тиіс. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласы әкімдігінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде жан-жақты талқыланды. Күн тәртібіне сәйкес, қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов шаһар аумағындағы көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарының жағдайы туралы баяндама жасады.

Тарқатып айтар болсақ, 2016 жылы Шымкент қаласының орталық көшелері мен алаңдарындағы санитарлық тазалық жұмыстарына барлығы 1 792,4 млн. теңге,  оның  ішінде: 757,3 млн. теңге механикалық жолмен тазалау жұмыстарына,  678,4 млн. теңге қолмен тазалау жұмыстарына, 125,4 млн. теңге өзен, каналдарды күтіп ұстауға, 80,2 млн.теңге Асар тұрғынауданының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына, 13,9 млн теңгесі инертті материалдар қорын толықтыруға қарастырылған.

— Ұзындығы 835 шақырым келетін 156 көшесінде қолмен санитарлық тазалау және осы көшелердің 129-ы механикалық тазалау жұмыстарымен қамтылған. Яғни, қыс айларында қардан тазалау, тұз араласқан құм себу және жаз айларында көшені жуу, су себу жұмыстары атқарылып келеді.  Бұл жұмыстарды 4 мекеме —  «ЛТД Тұрмыс», «Югдорсервис», «СМД» және «Бәйтерек ЛБ» ЖШС-лері атқаруда, — деп атап өтті Б.Жанбосынов.

Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің директорының орынбасары Оразалы Шыршықбаев, «Жасыл қала» ЖШС-нің директоры Нұрхан Егізбаев жасыл желектерді отырғызу және күтіп ұстау бағытында қолға алынған жоспарлы жұмыстары мен өзекті мәселелерін де атап көрсетті.

Ғабидолла Әбдірахымов сала мамандарына қаланың демалыс орындарын – саябақтарды, гүлзарларды, аллеялар мен қала меншігіндегі аялдамаларды (қаладағы мыңға таяу аялдаманың 400-і жеке меншіктің иелігіне жатады) алдағы қысқа мерзімде ретке келтіруді тапсырды. Бұл үшін кешенді жұмыс жоспарын әзірлеу үшін 2 апта уақыт мерзімін белгіледі.

— Балалар және спорттық алаңшалардың қатарын молайту жұмыстарының қарқынына серпін берген жөн, — деді қала әкімі. – Сондай-ақ, тұрғындар қаланың орталық көшелері мен аулаларында жарықтандыру қызметінен тапшылық сезінбеуі тиіс.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қала әкімі тиісті сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version