Алматы облысындағы ойынханалардың жұмысшылары жалақы алмай жүр

Ақпарат түскен күннен бастап облыс әкімдігімен нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы бастаған мүдделі мемлекеттік мекемелерінің басшылары аталған ойынханалардың жұмысшыларымен кездесіп, орын алған мәселеге қатысты жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Махатұлы облыс орталығында осы мәселе бойынша дағдарысқа қарсы жиын өткізді.

Штаб отырысы барысында, ойынхана құрылтайшылары 2018 жылдың 15 маусым күні ойынхана қызметкерлеріне бастапқы 10 млн.тенге жалақы қарыздарын төлеу жөнінде міндеттеме алды. Қапшағай қаласының әкіміне ойынханалардың құрылтайшыларымен кездесіп жұмысшылардың қалған қарызын қысқа мерзім ішінде төлеп беру мақсатындағы нақты шешімдер қабылдауын тапсырды және аталған жағдайды мысалға келтіре отырып қалған ойынхана қызметкерлеріне еңбек шартына отыруға, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берілді.

«Мәселені шешу мақсатында облыс әкімшілігінің жанында арнайы топ құрылып, ҚР Еңбек кодексі бұзылған жағдайда шешім қабылдап, сараптайды», — деді Еңбек инспекциясы бойынша басқармасы — бас мемлекеттік еңбек инспекторы Жаншабай Керімбек.

Отырыс нәтижесі бойынша жұмысшылар топ мүшелерімен аштықты тоқтату туралы келісімге келіп, халық мүддесі қорғалды. Аталған жағдай облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында.