«Бұл шындыққа жанаспайды. Бұл ұйым туралы ешқандай ақпарат жоқ. Ешқандай тексерістер де жүріп жатқан жоқ» деді министрліктің ресми өкілі Алмас Садубаев.
Бұған дейін бірқатар БАҚ-та «Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылды «Қазақстанды азат ету армиясы» атты топтың мойнына алғаны» туралы мәлімет тараған еді.
6 маусым күні Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов «Қазақстанды азат ету армиясы» туралы сұраққа түсініктеме бере алмайтынын айтқан.
Өткен жексенбіде Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан барлығы 21 адам мерт болды. Олардың 13-і — шабуыл жасады деген күдіктілер, сегізі — бейбіт тұрғындар. Қазақстан билігі шабуыл жасағандар «радикалдық діни топ жақтастары болуы мүмкін» деген болжам айтады.
Шабуылдан соң Ақтөбеде террорлық қауіп-қатердің ең жоғарғы «қызыл сызығы» деңгейі жарияланған. Ал 6 маусымда Қазақастанда 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің «сары деңгейі» жарияланған.