Қиябай Нұрсұлтан, 19 жаста, туған жері  — Қызылорда қаласы, студент.

Семей қаласында оқитын Қызылордалық жігіттің хостелде тұрып жатқанына 3 айдан асыпты. Ал Алматыға демалыс уақытында жұмыс істеу мақсатында келген.

Нұрсұлтан Қиябай
Нұрсұлтан Қиябай, Baza hostel тұрғыны. Фото: Жеке мұрағатынан

Алғаш Алматыға келгенімде хостелде тұру жайында ойламап едім. Ел қатарлы пәтер жалдаймын деген оймен келіп, тұратын пәтер іздестірдім. Ал сол жалдайтын пәтерді бірден таба алмаған соң, жұмысыма жақын жерден Baza hostel-ді таңдап алып, осы жердің тұрғынына айналдым. Кейіннен бір өзіме пәтер жалдау – қаражат жағынан шығынға алып келеді деп есептеп, хостелде тұра беруге бел байладым. Оның үстіне маған жұмысыма жақын пәтер қажет болса, ал достарыма ол жер алыс болып кетеді. Сол үшін де пәтерге көше алмадық.

Өзім мейрамханада даяршы болып жұмыс істеймін. Ал хостелге айына 30 мың теңге төлеймін. Бұл сома менің айлығымның 15%-ы. Арғы жағында қалған қаражат өзімнің қажеттілігіме жұмсалады. Хостел жұмысыма жақын, 15 минуттық жерде орналасқан. Сондықтан жаяу жүремін, жолға ақша құртпаймын. Қасымызда «Көк базар», «28 Панфиловшылар» саябағы, «Рахат» кондитерлік фабрикасы орналасқан. Яғни керектінің бәрін алысқа ұзамай-ақ, осы жақын маңнан сатып ала аламыз.

Бірінші келгенде хостелдің іші ұнады. Себебі басқа хостелдерге қарағанда интерьері ерекше, жиһаздар loft, urban стильдерінде орналасқан. Ал біз тұратын бөлмеде 20 кереует бар. Тұрақты тұратындар 5-6 адам ғана. Қалған орындар бос тұрады. Басында көпшілікпен тұрғым келмей, өзімді ыңғайсыз сезінген кездер болған. Өйткені мен Алматыға келмей тұрып, пәтерде тұрамын, үйімнің терезесінен зәулім ғимараттар көрініп тұрады деп армандаған болатынмын. Сондықтан алғашында үйге қайтқым келді. Кейін жаңа ортама үйренісіп, көптеген адамдармен танысып, осында сіңісіп кеттім. Барлық нәрсе ойлағаныңдай бола бермейді. Мүмкін хостелге келгенім жолымның болғаны шығар.

Туристермен әңгімелесуге мүмкіндік бар

Хостелге шетелдік туристер жиі келеді. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені мен ағылшын тілінде жақсы сөйлеймін, туристермен әңгімелесіп, тәжірибе жинаймын. Бір байқағаным туристер өздері тұратын кішкентай қалаларынан Алматыға тау мен табиғатты көру үшін келеді екен. Медеуге, Шарын шатқалына барып келгендегі әсерлерімен бөліскенде, олардың біздің елді, кең-байтақ жеріміздің табиғатын қатты ұнатқанын байқауға болады.

Пәтерге көшуге мүмкіндік болса…

Хостел мен пәтердің айырмашылығы мынада: пәтерде жалғыз немесе ек-үш адам болып тұруың мүмкін. Ал хостелде адам көп. Әртүрлі адамдармен танысасың, ашыласың және осы қалаға тезірек сіңісіп кетесің. Бізде неше түрлі ойындар бар. Біз көбіне шахмат, монополия ойнаймыз, бәріміз бірлесіп кино көреміз немесе жай ғана теледидар тамашалаймыз. Бәріміз бірге қыдыратын кездер де болады.

Ал жалғыз қалып, ой сергіткің келсе хостелде кішігірім кітапхана бар. Жалпы мұнда бар жағдай жасалған. Сонымен қатар, біз төлейтін қаражаттың ішіне шай, кофе, піспенан кіреді. Асханамыз барлық техникамен жабдықталған. Тіпті ыдыс жуатын машинамызға дейін бар. Осында тұратын қыз-келіншектер пешке тәтті бәліштер пісіріп жатады. Өткенде Ораза айт күні жеті шелпек пісірді. Кейде бәріміз қосылып ақша шығарып, ет асып, манты пісіріп жейміз. Хостелдің тұрғындарымен бір отбасы болып кеттік.

Арасында жеке өзің қалып музыканы қатты қойып, өзіңмен-өзің қалуды қалайтын сәттер болады. Сондай сәттер үшін пәтер ыңғайлы. Егер де пәтерге көшуге мүмкіндік болса, көшер едім. Себебі онда не істеймін десең де, бәрі жеке өзіңнің құзырыңда.

хостел
Baza hostel

Хостел – үнемді баспана

Адамдар көп ақша тапса да, яғни қаражаты жетіп тұрса да, үнемдегісі келеді. Сондай адамдарға хостел ыңғайлы. Біздің хостелде де жақсы жалақы алатын адамдар бар. Бірақ сонда да олар тұратын жерге келгенде хостелді таңдайды. Себебі айына 30 мың теңге төлеген оларға ыңғайлы болып тұр. Немесе кейбіреулер жұмыстарына жақын болғандықтан хостелде тұрады. Жұмысқа жақын жерден пәтер табу қиын.

Адамдардың көбі көпшілік болып тұратын жерлерде ұрлық көп болады, тазалық болмайды деп сенбей жатады. Мұнда келіп тұрып көрген соң негізінде олай емес екеніне көзіңіз жетеді. Үйімізді күнделікті тазалайтын арнайы cleaning жұмыс істейді, төсек жабдықтарымызды апта сайын жуып, тазасын береді.

Хостелге жалғыздықтан қорқатын, көп адамдармен танысып, жаңа орта қалыптастырғысы келетін адамдардың келгені дұрыс. Адам өмірінде 1 күн болса да хостелде қонып, осы жердің атмосферасын сезініп қалуы керек деп ойлаймын. Оның үстіне алыстан Алматыға арман қуып келген болсаңыз, хостелде тұру — үлкен қалаға үйренісіп кетуге жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.

Виолетта Скорикова, 27 жаста, туған жері — Қарағанды қаласы, менеджер.

Виолеттаның Global hostel-де тұрып жатқанына 6 айға жуық уақыт болған. Алматыға жұмыс істеу мақсатында келген.  

Хостел
Виолетта Скорикова (сол жақта) Global hostel тұрғыны. Фото: Жеке мұрағатынан

Хостелде тұрған ұнайды

Алматыға 1 ақпанда құрбыммен бірге жұмыс істеу мақсатында келдім. Содан бері Global hostel-де тұрып жатырмыз. Бір жақсысы, жұмысыма жақын, күнде жаяу барып, жаяу келемін, сәйкесінше, жолға ақша құртпаймын.

Құрбым екеуіміз бірге жұмыс істейміз, егер пәтерде де бірге тұратын болсақ, 24 сағат бойы бірге жүріп, бір-бірімізден жалығамыз әрі ішіміз пысатын болады деп ойладық. Ал хостелде адамдар көп, мұнда зерікпейміз. Сондықтан да хостелде тұрайық, қызықтырақ болады деп шештік. Күндіз жұмыстамыз, ал кешке бәріміз жиналып шай ішіп отырып, күніміздің қалай өткенін әңгімелейміз немесе теледидар көреміз. Басқаларға қалай екенін білмеймін, бірақ құрбым екеумізге хостелде  тұрған ұнайды.

Пәтерге тұруға шақырса келіспес едім

Алматыда тұратын таныстарымыз, ұжымда бірге істейтін әріптестеріміз бар. Олар кейде бізді қонаққа шақырады. Егер де олар бірге тұруға шақырса келіспес едік, себебі бізге хостел жайлы. Қазір бір бөлмеде 3 қыз тұрамыз. 3-ақ қыз болғандықтан ба, бөлмеміз өте тыныш. Түнгі сағат 23:00-ден соң жарықтың бәрі сөнеді. Мұнда барлық жерде камера орнатылған, сол себепті шығар осы күнге дейін ұрлық болған емес. Сондықтан ештеңеге алаңдамай ұйқыға кетеміз.

Хостелде керекті дүниенің бәрі бар. Ең бірінші орында — интернет (күліп). Одан өзге кір жуатын машина бар, кухняда тамақ істеп ішеміз, залда теледидар көреміз. Жақында хостелге жөндеу жұмыстары, артынша толық тазалау жұмыстары жүргізілді. Бөлмелер жаңарып, әдемі болып қалды. Шыны керек, үйде тұрған мен хостелде тұрғанның ешқандай айырмашылығы жоқ секілді.

Біздің хостелде төлемақы адам басына айына 30 мың теңге. Мен өзім 100 мыңнан жоғары айлық аламын. Сондықтан мен үшін бұл қымбат емес. Пәтер жалдап тұрсам да осы ақша кетеді.

Ата-анам басында мен үшін алаңдап, қалай болады, қалай тұрасың деп уайымдады. Ал мен хостелдің пәтерден айырмашылығы жоқ екенін, мұнда адам көп, қызықтырақ болатынын айтып көндірдім. Қазір алғашқыдағыдай аса көп уайымдамайды. Жасым 27-де, ересек адам ретінде өзім шешім қабылдауыма толық құқылымын. Егер бірнеше күнге үйге кететін болсам, заттарымды жүк сақтау камерасына қойып кетемін.

Мұратбек Кәрім, 24 жаста, туған жері — Атырау қаласы, дизайнер.

Мұратбектің Best hostel Astana-да тұрып жатқанына жарты жылдан асқан. Астана қаласына жұмыс істеу мақсатында келген екен.

Мұратбек Кәрім
Мұратбек Кәрім Best hostel Astana тұрғыны. Фото: Жеке мұрағатынан

Үлкен қалада пәтер табудың біраз машақаты бар. Пәтерді жұмысыма жақын жерден іздестіріп, таба алмай жүрдім. Ал маған Астанаға келгенде қонатын жерді тезірек табу керек болды. Сөйтіп не істерімді білмей жүргенімде бір танысым «Мүмкін хостелде тұрарсың, Best hostel Astana деген жақсы хостел бар», — деп кеңесін берді. Шыны керек, алты айдың ішінде хостелдегі адамдармен бір отбасы болып кеттік.

Ең бастысы хостелдің тазалығы

Өзім графикалық дизайнермін. Уақытымның көбін жұмыста өткіземін. Сондықтан хостелге көбіне тек ұйықтау үшін баратынмын. Бір бөлмеде 6 адам тұрдық. Жан-жағымыз таза болатын, себебі бөлмелерді күніне 2-3 рет тазалап тұрады. Әрине, тазалықты жанымыз сүйеді. Ең бастысы – тұратын жеріңнің таза болуы, басқасы маңызды емес деп ойлаймын.

Хостелдің тұрғындары бір отбасы секілді

Шамалы уақыт өткен соң үйренісіп, көршілерімнің бәрімен бауырымдай араласып кеттім. Тіпті бір апай анамыздай болып кетті. Біз азық-түлік алып келеміз, ол кісі бәрімізге тамақ дайындайды. Кешке бәріміз жиналып, шулап отырып тамақтанатынбыз. Хостелде өткен күндерімді сағынатын шығармын.

Хостелдің пәтерден айырмашылығы көп

Жалпы, хостелде тұрамын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Өзімнің жоспарлағанымдай болмай, хостелге дөп етіп бір-ақ түстім.

Әрине, хостелдің пәтерден айырмашылығы көп. Ортақ жер болғандықтан, кейде қалағаныңдай еркін жүре бермейсің. Оның үстіне тек санаулы ғана адам тұрмайды. Неше түрлі адамдар күнделікті кетіп-келіп жатады. Яғни, көп адамдармен танысасың, әңгімесін тыңдайсың, тәжірибе алмасасың. Өзімен-өзі жүретін қызық адамдар да тұрады, шетелден туристер де келеді. Біраз күн көріп жүрген адамың кетіп, керісінше жаңа бір танысың келіп, орналасып жатады. Өзің де мұндайға үйреніп кетесің. Себебі хостел көп жылдарыңды өткізетін жер емес. Жас кезіңде тұрғаныңның өзіңе пайдасы бар. Ал кейіннен үйленіп, отбасыңмен жеке үйіңде тұрғанға не жетсін?!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!