Ауылда арзан баспана алу шарттары қандай?

Құрылыс және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, жергілікті жерде жас мамандарға жағдай жасау қажет. Онсыз ауыл шаруашылығын көтеру мүмкін емес. «Мысалы, қазір «Дипломмен ауылға» сияқты бағдарламалар бар ғой. Соның аясында мұғалімдерге, дәрігерлерге, ветеринарларға үй алу үшін 2,5 миллион теңгеден беріп жатыр. Ауылды жерде де баспана салу керек деп, қайта-қайта айтып жатқаннан кейін біз тиісті жұмысты бастап кеттік. Үйді сатып алатын адам болса, онда коммерциялық тұрғын үйді ауылға жіберсек деген ойымыз бар. Бұл бөлек бағдарлама емес, «Нұрлы жер» бағдарламасының бір бағыты болатын шығар», — деді М.Жайымбетов.

Оның сөзіне қарағанда, ауылды жерлерде баспана салу арзан шаруа емес. Себебі алдымен инженерлік желілерді тарту қажет. Аталған жұмыс бюджеттің есебінен атқарылады. Одан кейін тұрғын үй құрылысы бар. Соның бәріне қыруар қаржы кетеді. Ал бюджет қаражаты қайтарымды негізде берілу шарт.

«Сондықтан біз осы жағын қараймыз. Үйді ұзақ мерзімге жалға беріп, артынан жеке меншікке сатып алу құқығын енгізетін шығармыз. Бәлкім, айына 10-20 мың теңгеден төлеп тұратындай ұзақ мерзімге істейміз. Сонда қалтаға көп салмақ түспейді. Бірақ ол қайтарымды ақша болуы керек. «Тегін баспана» деген болмайды. Себебі бізде нарықтық жүйе. Қалай болса да, 3 миллионға алды ма, 5 миллионға алды ма, әйтеуір, 20-25 жылдың ішінде қайтарып беретіндей бір механизмді ойлап табуымыз қажет. Негізі, Үкімет қолдаса, депуаттар қолдап жатса, аталған бастаманы қабылдаймыз деген ойымыз бар. Өйткені оған да біраз қаржы қажет», — деп атап көрсетті М.Жайымбетов.

Айта кетейік, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ауылдарға арналған жеке тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді ұсынған болатын. Мәжілістегі «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында депутаттар бірінші рет үй сатып алу бойынша мемлекеттік бағдарламаның талаптары ауылдық жерлердің тұрғындары үшін жарамайтындығын айтқан болатын.

«Ауылға қатысты өте дұрыс айтып отырсыздар. Өткен жолғы отырыста да, жалпы үнемі айтып келемін ауылдарға қатысты айрықша ұстаным болуы керек. Біз ауылдық жерлердегі тұрғын үйлерге қатысты жаңа бағдарлама әзірлеуіміз керек. Үкіметтегі талқылау барысында да бұл мәселені көтергенмін. Қазір екі тетігі біршама түсінікті бола түсті. Осы айда біз оны аяқтап, одан кейін келісуге жіберетін шығармыз. Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» және «7-20-25» аясында пайдаланып жүрген бағдарламалар ауылдық жерлер үшін жарамсыз екендігі анық», —  деп атап көрсетті Қ.Өскенбаев.

Дереккөзinform.kz