Қостанай облысындағы Астананың мәдени күндері өңір аралық әріптестікті дамытуды көздеген екі жақты меморандумға қол қою рәсімнен басталды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен Астана қаласының әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев екі қаланың болашақтағы тығыз әріптестік қатынасы туралы әңгіме өрбітті.
«Қостанайды Астанамен көптеген игі істер байланыстырып келеді. Қазіргі таңда, еліміздің бас қаласы Тобыл өңірімен ортақ көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Ал, бүгінгі қол қойылып отырған меморандум сол достығымызды нығайта түседі», – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Шара барысында кәсіпкерлік, ауылшаруашылық басқармалары мен «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ және «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ, «Astana Innovations» компаниясы мен Қостанай қалалық әкімдігі де осындай меморандумдарға қол қойылды.
Қостанайдағы Астананың мәдени күндері кешке Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының концерт залында «Астанадан ақ тілек» атты концертке жалғасты. Онда «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы, «Шалқыма» халықтық би ансамблі, эстрадалық би ансамблі, классикалық, эстрадалық және халық вокалының әншілерінің өнерлері қостанайлық көрермендердің көңілінен шықты.