Өмірден қайтқан жан көмілмей қалмас, бірақ артында тұяғы, жоқтаушысының болу-болмауы дәл осы жағдайда көрінеді. Жаратқан Хақ фәниден бақиға аттанған жанды қабір азабынан құтқаруын, жаннатты нәсіп етуін тілейтін дұға дастарханы үй иелерінің ауқатын көрсету үшін емес, қазаға қабырғалары қайысып, қаралы үйдің көңілін демеп, алыс-жақын жерлерден келген ағайын-тума, дос-жаранның дәм татуы үшін де жайылады.

Ілкіде дәстүрімізде қайтыс болған жанның мініс көлігінің құйрық-жалын күзеп, қаралы үйдің белдеуіне байлап, артынша жаназасына сойыпты. Жалпы қазақ ғұрпы бойынша, өлік жөнелтілмей, қаралы үйдің қазаны қайнамаған. Бұл – шариғатымыздан алынған жоралғы. Жағфар ибн Әбу Тәліптің үйінде қазалы жағдай болғанда Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Жағфардың отбасына тамақ жасап беріңдер! Олар басымен қайғы болып қалды» деп, айтқан өсиеті бар. Көрші-қолаң мен ағайын-тума онсыз да арысынан айырылып отырған үйді дүнияуи тірліктермен мазаламай, алғашқы күндердегі садақа дастарханын өз мойнына алады. Өлік оң жақта болған күні қонағасы-күзет дастарханы, содан соң жаназа, одан кейін барып үші мен жетісін өткізген. Одан кейін өз уақытымен қырқы, жүзі және жыл садақалары беріледі. Жаназа намазы оқылғаннан соң бата оқу рәсімі басталып, оған келген жандарға да арнайы дастархан жайылады.

Негізінде, үшін, жетісін, қырқын, жүз күндігін және жылын беру шариғаттың талабы емес. Алайда, Ханафи мәзһабының ғалымдары оның жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандары көңіл айтып, көрісу үшін жасалатын рұхсат етілген жоралғылардың қатарына жатқызады (Тахтауи, Марақи әл-фалах фи шархул-изах).

Әйткенмен, асыра сілтеп, қаза садақасы мен нәпіл садақаның дастарханынан тойдікінен бетер жайып, байлық көрсетушілер де ел арасында баршылық. Өлім садақасының дастарханы ас та төк болуы міндет емес. Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 31-аятында: «Жеп-ішіңдер, тек ысырап қылмаңдар! Ақиқатында, Ол (Алла) ысырап қылушыларды жақсы көрмейді» деп, ысырап етуден тыйған.

Қазіргі заманда ата-баба аруақтарына арнап берілетін садақа аса сәулетті мейрамханаларда өткізіліп, келген қонақтарға арналған бағалы сыйлықтар беріліп жатады. Осы шараның аясында жоқ-жітік, жарлы-жақыбайды жарылқаса құба-құп.

Нәпіл садақа – бұл шүкіршілік ету шарасы. Сондықтан, кем-кетік пен міскіндерге таратқан абзал. Киім-кешек, азық-түлік немесе ақшалай да беруге болады. «Садақаны денің сауында бер» деген атам қазақ. Сондықтан, басқа іс түскенде ғана Құдайды еске алмай, үнемі шүкіршілікпен садақа тарқатқанды әдетке айналдырған абзал.

«Дін мен дәстүр»Тал бесіктен жер бесікке дейін кітабынан үзінді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!