Әкім гранты

Жыл сайын Қазақстандағы әр өңірлік әкімшілік жетім, жағдайы төмен және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға қосымша «әкім грантын» бөледі.

Мысалы, 2017 жылы жергілікті билік Талдықорғандағы жалғыз мемлекеттік ЖОО-на 35 миллион теңгенің сертификатын (білім гранты) табыстады. Мұндай грант сол өңірге қажет мамандықтарға бөлінеді. Қазіргі таңда аталған оқу орнында облыс әкімінің гранты бойынша 87 болашақ мұғалім білім алып жатыр.

Еліміздегі барлық ЖОО-да студенттің жағдайына қарай әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оны «әлеуметтік пакет» деп те атайды. Әлеуметтік пакеттің 2 түрі бар: бірі мемлекеттік көмек, екіншісі — ЖОО ішкі ережесіне сәйкес студенттер кәсіподағы арқылы ұсынатын жеңілдіктер.

Мемлекет тарапынан оқу үлгерімі жақсы студенттерге оқу ақысын төлеудің балама мүмкіндігі  де қарастырылған.

Білім беру кредиті

«Қаржы орталығы» АҚ ұсынып отырған бағдарлама жағдайы төмен отбасыдан шыққан талапкерге тиімді.

Бағдарлама артықшылықтары:

  1. Несие талапкердің өз атына рәсімделіп, оқу ақысын төлеу жауапкершілігі студенттің өзіне жүктеледі, оның төлеуіне оқу орны кепіл болады;
  2. Барлық білім алу деңгейінде (бакалавриат, магистратура, докторантура т.б) беріледі;
  3. Білім алудың барлық түріне: күндізгі, сырттай, кешкі, қашықтықтан оқу т.б беріледі;
  4. Пайыздық мөлшерлеме, нарықтық мөлшерден әлдеқайда төмен;
  5. Несие мерзімі ұзақ (талапкер өзі белгілейді);
  6. Ең бастысы кепілзатсыз (көптеген несие беруші банктер талап етпейді, дегенмен талап ететін банктер де бар);
  7. Несие сомасы шектеусіз;
  8. Несиеге алған қаржы тікелей оқу орнының есепшотына аударылады;
  9. Білім несиесін еліміздің барлық қаласында рәсімдеуге болады.

Аз қамтылған студенттерге әр ЖОО-да түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

Әр ЖОО-ның ішкі саясатына байланысты мына сатыдағы студенттердің оқу ақысы 10%-25%-пайыз аралығында арзандатылады:

  • Мектепті үздік аттестатқа аяқтаған;
  • Қысқы, жазғы сессияны үздікке бітірген;
  • Оқу үлгерімі А, А- «өте жақсы», B, B- «жақсы» жетім, ата-анасының екеуі де мүгедек, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыдан шыққан студенттер.

Жатақхана беріледі

Қазақстанның кейбір ЖОО мен колледждерінде аз қамтылған отбасыдан шыққан студенттерге жатақхана алдыңғы кезекте беріледі.

Жоғарыда аталған сатыдағы студенттерге кейбір университет тарапынан бір жылда бір реттік жәрдемақы немесе, бір семестр тамақ ішуге талон беріледі.

Ол үшін студент:

  1. Тұрғылықты жерінен аз қамтылған отбасынан шыққанын дәлелдейтін анықтама;
  2. Өзінің және отбасы мүшелері жеке куәлігінің көшірмесін әкелу қажет.

Қоғамдық көлікпен тегін жүреді

Кейбір аймақтарда орта техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде, ЖОО-да күндізгі бөлімде оқитын IV топтағы, яғни ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасыларда тәриеленетін балалар, жетімдер мен І, ІІ топтағы мүгедек студенттер қалалық автобустар мен трамвайларда тегін қатынайды. Мысалы, Павлодар қаласының 20 мың студенті 2017 жылы осы жеңілдікке ие болған.

Мемлекеттік грантты иелене алмаған, жоғарыда аталып өткендей IV топқа жататын талапкерлер жергілікті әкімшілік грантына үміткер болу үшін әкімге өтініш пен төмендегі құжаттарды тапсыра алады:

  1. Жеке басын куәландыратын құжат;
  2. Тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат;
  3. Отбасының құрамы туралы мәлімет;
  4. Отбасының аз қамтылғандығын дәлелдейтін арнайы анықтама апаруы керек.

Қазір қазақстандық ЖОО-да 530 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Олардың 30 пайызы мемлекеттік грантпен қамтылған. Енді жоғары білім беруді қолжетімді әрі сапалы ету үшін 2018-2019 оқу жылында жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлінеді. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврға бөлу жоспарланған.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!