Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ-ның Халықаралық қатынас және хаттама бөлімінің меңгерушісі Оңғаров Ершат Ағыбайұлы, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Мұқанов Асқар Әбітайұлы, «Астана» медресе-колледжінің директоры Ақжігітов Бекзат Қалибанұлы және ұстаздар, ата-ана өкілдері қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген Бас мүфти шәкірттерге білімнің маңызы және еліміздегі діни ахуал жайында сөз қозғап, оларды жан-жақты сауатты, ағайынға қамқор, елге тұтқа болатын, білікті маман болуға шақырды.
«Діндар адамды сырттан көрген ағайын қоғамның өнегеcі, жол көрсетуші азаматы ретінде қарайды. Жақсы мінез-құлықпенен, жан-жақты сауаттылықпенен, әрбір ортада, әрбір жағдайда түсіністікпен қарай алатын асыл қасиеттерменен халықтың сол үмітін ақтай аласыздар.Ислам діні өркениеттің, ғылым мен үдерістің озық түрлеріне тоқтау салып, жасанды түрде тежеуші болатын дін емес. Қайта өркениетті алға сүйрейтін, ғылым мен дамудың діні. Осыны іс жүзінде көрсетулеріңіз керек. Үздіксіз ізденісте болу керек. Белгілі бір оқу орнын, бір академияны бітіруменен тоқтап қалмаған жөн. Діндар адам шариғат ілімдерін де, негіздік білімді де, тарихты да, жалпы өркениеттің әу бастан келе жатқан әр түрлі көзқарастағы таным, түсініктерін де, әр түрлі ғылымдарды да меңгеру керек. Өмір сүріп жатқан барлық құбылыстарға салыстырмалы жауабыңыз толыққанды, тиянақты, дұрыс болуы үшін жан-жақты білімді болуы тиіс. Қазіргі таңда Елімізде бұл мәреге жету үшін бар мүмкіндік бар. Ақпараттар да жеткілікті», — деді Бас мүфти.
Сонымен бірге, болашақ дін мамандарын көркем мінезді, көпшіл, қоғамшыл болуға үндеді.
«Елдің тілеуқоры болу керек. Көптің тілеуін тілеп, елшіл, қоғамшыл болу керек. Көпшіл болмасаң алатын асу да болмайды. Қарақан бастың қамынан арылған кезде ғана шынайы ықыласпен жұмыс жасап, еліне, жұртына жаққан азамат боласыздар. Ол үшін сабыр, шыдам, төзім, түсіністік керек. Дін адамына жеңіл-желпіге желп етпейтін байсалдылық жарасады. Өз басының мінез-құлқын жөнге сала алмаса, пәлен жыл оқыған білімі жұқпағаны деген сөз. Сонда ғана тілінен де, қолынан да, ісінен де елге пайдасы тиген адам боласыздар», — деді Бас мүфти.
Осылайша, ақжарма көңілден айтылған құттықтау сөзден кейін Серікбай қажы Сатыбалдыұлы түлектерге өз қолымен диплом табыс етті.
Осы орайда, бітіруші түлектердің білім деңгейі мен білім ордасының оқыту жұмысы жайында сөз суыртпақтап, «Астана» медресесінің директоры Бекзат Қалибанұлына микрофон ұсындық.
«Медресе-колледжіміз ашылған 10 жылдан аса уақыт аралығында 300-дің үстінде шәкірт бітіріп шықты. Шәкірттеріміздің біліктілігі жақсы. Жылда түлектердің арасынан 2-3 қари шығады. Медреселердің арасындағы талай олимпиадалардан жүлделі орындар алып жүр. Біз қайда практикаға жіберсек, сол жерлер артынша бізге ұсыныстар жасап, шәкірттерімізді сол өңірдегі өкілдіктер аудандық, қалалық мешіттерге ұстаздық, наибтық қызметтерге сұратып жатады. Биыл 26 түлек бітіріп жатыр, соның ішінде 6 шәкіртіміз қызыл дипломмен бітіріп отыр. Жалпы біздің медресенің шәкірттеріне сұраныс жоғары», — деді медресе-колледж директоры Бекзат Ақжігітов.