«Ордабасы» футбол клубына жаңа бас бапкер тағайындалды

Енді ордабасылықтарды грузин маманы Кахабер Джумберович Цхададзе жаттықтарады.

Ордабасы бапкері Кхабер Цхададзе
©fcordabasy.kz

Бүгін клуб басшылығы жаңа жаттықтырушыны команда ойыншыларына таныстырды. Клуб президенті Бақтияр Байсейітовтің айтуынша, бас бапкер лауазымына 7-8 жаттықтырушы үміткер болыпты.

«Біздің Кахабер Цхадедзені таңдауымызға оның өте сауатты бапкер екені себеп болды. Өз ісінің нағыз маманы. Грузияның ұлттық құрамасын, Бакудың «Интер» клубын жаттықтырған. Одан кейін Алматының «Қайрат» футбол клубын жаттықтырғанын да жақсы білесіздер. «Қайратты» Цхададзе жаттықтырған тұста біз олармен жасыл алаңда кездесіп, ойнадық. Өте мықты ойын өрнегін көрсеткен болатын. Біздің алдымызда кемі 7-8 бапкердің арасынан клубымызға бас бапкер таңдауға мүмкіндік болды. Бәрі де мықты бапкерлер. Ойлана келе, Кахабер Цхададзеге тоқталдық. Өте дұрыс таңдау жасадық және жанкүйерлердің алдында кешірім сұрай отырып, алдағы уақытта өте жақсы ойын көрсетеміз деп ойлаймын», – деді клуб президенті.

Бақтияр Даниярұлы жаңа бас бапкермен келісімшарттың әзірге жыл соңына дейін жасалғанын айтты.

«Жаңа бапкер бар күш-жігерін біздің командада жоғары көтеретіне күмәніміз жоқ. Өйткені, ол кезінде жақсы футболшы да болған. Келісімшартымыздың алғашқы мерзімі жыл аяғына дейін жасалды. Ол бізге, біз оған ұнауымыз керек. Команданы көруі керек. Кахабер Цхададзе жаттықтыратын командамыз жақсы ойын көрсетсе, онда содан кейін тағы 1-2 жылға келісімшарт жасай береміз. Ал жаңа бас бапкерге биылғы маусымға қойып отырған басты тапсырмамыз – үшінші орынға шығуымыз керек. Біз үшінші орынға ұмтыламыз. Бар күшімізді соған жұмсаймыз. Біз биылғы маусым басталғанда алғашқы төрт ойында ұттық. Кейін қатарынан 4-5 ойында ұтылғаннан кейін, алдын жинаған бар беделімізді сәл тарқатып алдық. Қазір футболшыларымыздың алдағы 14-тур ойындарына көңіл-күйі өте жақсы. Алдыңғы бас бапкер Георги Дерменджиев кетіп қалғанда аздап көңіл-күйі түсті. Бірақ, соңғы екі күнде «Жаңа бас бапкер келе жатыр» дегенді естіп, өздерін жақсы көрсетіп жатты. Өйткені, олар дәл бүгінге дейін кімнің бас бапкер болып келетінін білмеді. Мен де кім келетінін ашып айтпай, жасырын ұстадым», – деді Байсейітов.

Оңтүстік Қазақстан облысының басты футбол командасының тізгінін ұстаған Кахабер Цхададзе өткен жылдың шілдесінде алматылық «Қайрат» клубынын бас бапкерлігінен кеткен болатын. Содан бері бір жылға дейін ешбір клубты жаттықтырмай жүрген ол Кахабер Джумберович «Ордабасы» командасын өте өршіл, алға ұмтылатын клуб деп бағалайды.

«Маған осындай мықты футбол клубты сеніп тапсырғаны үшін клуб басшылығына алғысымды білдіремін. Өте өршіл командадан ұсыныс алып отырмын. Үміткерлер көп болғанын білемін. Мұндай клубтың жоғары нәтиже көрсетуі өте маңызды.Клуб жанкүйерлері де, Шымкент қаласының тұрғындары да футболды өте жақсы көреді. Біздің алға қойған мақсатымыз әрі тапсырмамыз – ел чемпионатында кемінде үшінші орынға шығуымыз керек. Мақсатымыз ауқымды. Сондықтан да елеулі өзгерістер де болады», – деді ол.

Айта кетейік, «Ордабасы» футбол клубын бұған дейін болгар маманы Георги Дерменджиев жаттықтырған болатын.