«Индер – Орал өңірінің келешек геопаркі» халықаралық экспедициясы аяқталды

БҚО-да өңір тарихын зерттеуге арналған Халықаралық экспедиция аяқталды

Туған өлкенің тарихын, қасиетті орындарын зерттеуді мақсат тұтқан экспедицияның құрамында ресейлік және қазақстандық ғалымдар бар.

Орал қаласынан аттанған экспедиция алдымен Тасқала ауданынан 12 шақырым жерде орналасқан Үлкен Ешкітауда бастау алды.

Мамандардың айтуынша, Үлкен Ешкітау туралы алғашқы деректі 1769 жылы бұл жерге Санкт-Петербург қаласынан арнайы келген академик П.Палластың еңбектерінен табуға болады. 2002 жылдан бастап Үлкен Ешкітау тауы «Мемлекеттік табиғат ескерткіші» санатына кіргізіліп, республика бойынша қорғауға алынған.

Келесі күні БҚАТУ-дың тарих кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Е. Хайдаров бастаған топ Тасқала ауданының бірқатар ауылдарына барып, көне қорымдары мен тарихи орындарға барды.

Сапар Тасқала ауданының I Шежін ауылының оңтүстік –-шығысындағы көне қорымдарға жалғасты. 2004 жылы бұл обаларды зерттеуге Алматы археологиялық институтының ғалымдары келді. Сонда олар бұл жерде үлкен жеті оба бар екенін айтты. Алайда обалардың алтауы суық қолдың құрбаны болып тоналған. Қалған бір обаны алматылық ғалымдар 2020 жылы келіп зерттейтінін айтты,- деді Ғалым Ғайниұлы.

Зерттеуші ғалымдар екі күн бойы Тасқала ауданындағы мәдени-тарихи ескерткіштерін аралап, экологиялық, ботаникалық, зоологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Содан соң Атырау облысының Индер ауданына аттанды.

Индер ауданы Атырау облысының солтүстігінде, Каспий маңы ойпатының орта тұсында, Жайық өзенінің екі жағалайын бойлай орналасқан. Зерттеу жұмыстары Индербор тұзды көлінде жалғасты. Индер көлінің шөгінді тұзы табиғи тұздардың ішіндегі ең бағалысы. Құрамында бор, бром, иод секілді микроэлементтердің көп болуына байланысты бұл тұздың консервілеуші қасиеті де өте жоғары болып тұр. Тұзды көлдің жағалауында Тұзбұлақ деп аталатын шипалы жер бар. Жергілікті тұрғындар осы жердің қара балшығына, тұзды суына түсіп, тау арасынан шығып жатқан күкіртті суға жуынып, ауру-сырқауларынан, әсіресе тері ауруларынан емделеді. Сонымен қоса осы жерде «Қыз әулие» деп аталатын қорым да бар. Күні бүгінге дейін оны қасиет тұтып, науқас адамдар түнеп, ауруларына шипа іздеп келген.

Экспедиция мүшелері тұзды көл аймағында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өлкенің тарихына, географиясына қанығу үшін аудандық тарихи-өлкетану музейінде болды. Содан соң Бөкей ордасы ауданындағы Аралсор мен қайыңды орманына жол жүрді.

Владимир ЕФИМОВ, РҒА жанындағы палеонтология қоғамы Ульяновск бөлімшесінің төрағасы, палеонтолог: «Патриоттық тәрбиені дамытудағы қазақстандықтардың бұл бағыттағы бастамалары көпке үлгі деп айтар едім. Батыс Қазақстан облысына келіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрмін. Ал бұл сапар барысында кең байтақ Қазақстанда зерттеу жұмыстарын қажет ететін тарихи орындар әлі көп екеніне куә болдық. Индер тұзды көл аумағына барғанда мың жыл өтсе де сол жер өзгеріске ұшырамай сақталады деп ойлаймын. Өйткені онда тұздың мөлшері өте көп. Индер тұзды көл маңынан триастық өзгеріске ұшыраған аумақты кездестірдік. Айта кетерлігі, біз де осы сапарымызда лабиринтодонттың қабырғаларын, жақ сүйектерін таптық. Болашақта оны зерттейтін боламыз».

Гүлсезім БИЯШЕВА