Бұл ретте Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт» жалпы халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуі яғни халық санының өсуі медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныстың көлемі одан әрі артады деген еді.
Бүгінгі таңда Елімізде жүзеге асырылып отырған өркениетті ізгі қадамның астарында 30 дамыған мемлекеттер қатарына кіру, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру мақсаты жатыр. Осы мақсатқа жетуде ең алғашқы қадам халықтың денсаулығын жақсартып, уақытты тиімді пайдалана отырып креативті идеяларды іске қосып, ең қажетті деген инновациялық бағдарламалар жасау мемлекет мүддесінде болып отыр. Қайткенде денсаулық сақтау саласының қызметі сапалы, тиімді болады?! Осы мәселе 2017 жылдың желтоқсанында қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында да қарастырылған.
Бұл мәселе бойынша әлем тәжірибесіне тоқталар болсақ, АҚШ пен Жапония елдерінде нарыққа импульстік мониторлар, глюкометрлер және басқа да медициналық жабдықтар пайда болды. Дәрігерлер бұл жабдықтарды пациенттердің денсаулығына қашықтықтан бақылау үшін пайдаланады. Бұл өз кезегінде инфаркт алдындағы жағдайды көрсететін симптомдарды, қант диабетінің деңгейін, қан қысымымен ауыратын науқастардың жағдайын анықтауға мүмкіндік береді. Дәрігер науқастың жағдайын бақылап, нақты уақыт сайын өзгерістерді диаграммаға енгізу арқылы талдау қорытындысы автоматты түрде көрініп тұрады, мұның бәрі медицина қызметкерлерінің жұмыс уақытын едәуір үнемдейді және аурухананың тиімділігін арттырады. Өз кезегінде, науқас бұл құрылғыдан процедуралар кестесі туралы біле алады және өздерінің емдеуші дәрігерлері мен медбикелерінің базасымен танысады. Болашақтағы ауруханалар осы типте болуы әбден мүмкін.
Халықаралық мамандардың статистикасы бойынша медицинаны цифрландыру тәжірибесі АҚШ-та консультациялық қызметтерді, науқастарды клиникаға жатқызу және сапарлар санын 58%-ға дейін қысқартты. Нидерландыда бұл көрсеткіш 64%-дан 87% -ға төмендеді.
Қазіргі Қазастанның денсаулық сақтау саласында цифрландыру қалай жүруде?
Денсаулық сақтауды жүйеге келтіру, цифрландыру елімізде 13 жыл бұрын қолға алынған болатын. Мамандардың айтуынша, 2015 жылдан бері өңірлерде медициналық ақпараттық жүйелерді ендіру бойынша жұмыс біраз ілгеріленген. 2015 жылы небәрі 50 денсаулық сақтау мекемелеріне медициналық ақпараттық жүйелері енгізген болса, ағымдағы жылдың басында бұл көрсеткіш бойынша 500-ден аса ұйым жабдықталған екен.
Сонымен қатар жасанды ителектіні пилотты түрде дамыту да жоспарланған, бұл орайда денсаулық сақтау министрлігі IBM компаниясымен Watson for oncology бағдарламасына ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. IBM Watson терапевт дәрігер ретінде науқастарға диагноз қоя алады, Watson for oncology бағдарламасы қатерлі ісіктің алдын алумен күреседі. Бағдарлама арқылы дәрігер санаулы уақыттың ішінде керекті мәліметті алып, науқас жағдайын анықтайды.
2017-2018 жылдарға арналып әзірленген жол картасымен қарқынды түрде жұмыс жасалуда, осы жылғы басты мақсат, жыл соңына дейін әрбір азаматқа жеке электронды кабинет құру. Ол жерде туғанынан осы күнге дейінгі барлық мәліметтер сақталады, жекелеген қызмет жұмысы автоматтандырылады. Бұл дегеніміз әр науқас қай дәрігерге қашан және қай уақытта тіркелу керек екенін уақытын, қаражатын үнемдей отырып электронды тапсырыс беру арқылы жүзеге асырады.
Еліміздегі цифрлық медицина қарқынды түрде дамуда. Алғашқы табысты тәжірибе Қарағанды облысында болып отыр. Облыста медицинаны цифрландыру, дәрігерлерді қағазбастылықтан арылту тұрақты түрде қолға алынып жұмыстар нәтижелі жасалуда. Аймақта дәрігерлерге арналған бағдарламамен қатар, пациенттерге арналған мобильді қосымша енгізілді. Өте тиімді деп танылған бұл қосымша арқылы науқас дәрігер қабылдауына жазылып, өз анализ қорытындыларын онлайн режимде бақылап отырады, сонымен қатар жедел жәдем шақырту мүмкіндігі де енгізілген. Әр науқастың жеке кабинетінде денсаулығы жөнінде барлық ақпарат қамтылған. Бүгінгі күнге дейін миллионнан астам электрондық төлқұжат қалыптасты. Бұл дегеніміз облыс халқының 87%-ын құрайды. Мобильді қосымшаны облыстың 200 мыңнан астам тұрғыны пайдаланады. Аптасына 13 мыңнан астам адам қосылып, орташа есеппен алғанда 15 мыңға жуық пайдаланушыға емханаға келместен күн сайын шамамен 6,5 мың қызмет көрсетіледі екен.
Медицинаны цифрландырудың оңтайлы тұстары қандай болмақ?
Дәрігерлер қағазбастылықтан арылып, заманауи технологиялар, жасанды интелект, телемедицинаның көмегімен маман тапшылығы азайып, науқастарды қашықтықтан бақылайды. Науқастарға көбірек көңіл бөліп, дәрігердің ем жүргізуге уақытын арттырады. Электронды төлқұжат арқылы науқастың ауру тарихы тез арада нақты сақталады. Отандық дәрігерлер шетелдік мамандармен қиындықсыз араласып, тәжірибе алмасады. Шалғай ауылдарда тұратын науқастардың денсаулығы телемедицина арқылы бақылауда болады. Осылайша үздік денсаулық сақтау саласы дені сау ұрпақтың болашағы үшін қызмет атқармақ.
Әйгерім Дастанқызы