Қазір қаладағы ондаған көппәтерлі үйлерде бірқатар проблемалар бар. Бірінің пайдалану мерзімі өтіп кетсе, басқаларының сапасы сын көтермейді. Әкімдік аталмыш мәселені шешу мақсатында барлық амалдарды қолға алған. Құрылыс компаниялары басшыларымен өткен соңғы кеңесте Астана әкімі барлық лифт мекемелерін тексеруді тапсырды. Олар талаптарға сай емес деп танылған жағдайда, қызмет көрсетуден шеттетілетін болады. Сонымен қатар, әкімдік лифт компанияларына қойылатын талаптар мен жауапкершіліктің күшейтілуін көздейтін заңнамаға түзетулерді дайындады.
Сонымен бірге, аталмыш проблеманы тез әрі тиімді шешу үшін мемлекет бірқатар шаралар кешенін ұсынады. Мәселен, «2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту» бағдарламасына жүгінуге болады. Ескі немесе ақауы бар лифтіні ауыстырғысы келетін ПИК пен тұрғындар мемлекеттен көмек қарыз ала алады. Лифтілердің жұмысын жаңғырту тек тұрғын үй ғимараттарының иелері жиналысының шешімімен іске асырылады. Оң шешім қабылданғаннан кейін хаттама мен қажетті құжаттар Астана қаласы әкімдігінің Қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасына жолданады. Жиналған құжаттардың негізінде лифт құрылғысы техникалық қараудан өткізіледі. Оған тиісті актілер, экономикалық сараптаманың қорытындысы беріледі. Пәтер иелері сметалық құжаттарды өздері бекітіп, мердігер мекемені, лифт маркасын таңдап, орындалған жұмысты қабылдауға қатысады. Орта есеппен мемлекеттен көмек қарызды 15 жылға алғанда әр пәтер 2-3 мың теңгеден төлейтін болады.
«Бұл соманың мөлшері 15 жылда өзгермейді. Дәлірек айтқанда, келісімде көрсетілген сома тұрақты және ол экономикалық процестерге тәуелді болмайды», – деп түсіндірді «Өркен қала» ЖШС мамандары.
Қазіргі таңда Петров көшесі 20 үй мекен-жайы бойынша орналасқан үйде лифтіні ауыстыру жөніндегі келісім бекітілген. 12 көппәтерлі тұрғын үйде 29 лифт құрылғысын ауыстыруды жобалау жүргізіліп жатыр. Олардың арасында «Самал» шағын ауданындағы үйлер (Жангелдин к-сі 3, Петров к-сі 26/1) бар. Сондай-ақ, Күмісбеков көшесіндегі 6-шы үйде 3 лифт, Бөгенбай батыр даңғылындағы «Свечки» ТК-де лифтілер ауыстырылды. Мұндағы тұрғындар мемлекеттің көмек қарызын алған болатын.
«Бастамашылар тобының жұмысын дұрыстап ұйымдастыру керек. Бұл топ күні-түні жұмыс істеуі шарт. Тұрғындарымыз өте енжар. Әлеуметтік желілерде қызу талқылап, дұрыс кеңестер бергенімен, ешқандай істі тындырмайды. Сол себепті бастамашылар тобын өзіміз құрып, пәтерлерге барып қолтаңбаларды жинап жүрміз. Біздің үйде пәтерлерді жалдап тұратын азаматтардың саны өте көп. Осы тұста біз бірқатар кедергілерге тап болдық. Қожайындардың байланыс телефондарын тауып, оларға қоңырау шалып, сөйлескен едік. Біз бағдарламаға қосылуымыз үшін қажеттінің барлығын істедік», – дейді тұрғындардың бастамашыл тобының өкілі Светлана Ли.
Айта кетейік, «2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдарламасының» аясында 2011 жылдан бастап бүгінге дейін Астананың тұрғын үйлерінде 165 лифт ауыстырылып, пайдалануға берілді.